1 қазан – Қарттар күніне орай, Атырауда орталық мешіт жанындағы Қайырымдылық орталығының ұйымдастыруымен 50 отбасына ет таратылды.
Қайырымдылық себеттерін Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы «Атырау қалалық мүгедектер қоғамы», «Балықшы аймақтық мүгедектер қоғамы», «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Атырау облысы бойынша филиалы, «Зағиптар арманы» қоғамдық бірлестігі және «Ақниет» қоғамдық бірлестігінің төрағаларына табыс етті.
Әрі қарай аталған бірлестіктер етті мұқтаж шаңырақтардың үйлеріне жеткізетін болады.
Еске сала кетсек, орталық мешіт жанындағы Қайырымдылық орталығы бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда мұқтаж отбасыларға азық-түлік, киім-кешек түрінде көмек беріледі. Және қала тұрғындары әкелген киім-кешектер қабылданып, химиялық тазалаудан өткізілген соң, әлжуаз топтарға үлестіріліп келеді.