Атырау қаласында Қайтпай Сұлтан мешітінде өткен облыстық Құранды жатқа айту сайысы дін мен руханиятқа деген жастардың қызығушылығын арттыру, олардың діни білімін дамыту және Құранға деген құрметті күшейту мақсатында ұйымдастырылды.
Бұл шараға 17 үміткер қатысып, өздерінің Құранды жатқа айтудағы қабілеттерін сынады.
Игі шараға Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы арнайы қатысып, қатысушыларды құттықтап, осындай шаралардың жастарға діни білім беруде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Бұл сайыс жастардың Құранға деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, оларға діни білімді дұрыс игерудің маңыздылығын көрсетеді. Біз осындай іс-шараларды ұйымдастыру арқылы жастарды дұрыс жолға бағыттап, қоғамда имандылықтың орнауына септігін тигіземіз. Құран — тек оқу ғана емес, оны түсіну, өмірімізде қолдану маңызды,-деді бас имам.
Сайыс қорытындысында жеңімпаз болған Ғалымжан Нұрлыбекұлына кіші қажылыққа жолдама берілсе, екінші орынды Фархад Жұмабайұлы, үшінші жүлдені Абдулла Дамирұлы қанжығасына байлады.
Оларға арнайы дипломдар мен қаржылай жүлделер табысталды.
Облыстық құран сайысына облысқа белгілі ұстаздар мен қарилар қазылық етті.











