Атырауда Құспан молла мешітінде қайырымдылық шарасы өтті

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мерейлі датасы құрметіне Атырау қалалық Құспан молла мешітінде кезекті қайырымдылық шарасы өтті.

Әлеуметтік жағдайы төмен 15 отбасын қамтыған ізгілік шарасы аясында мұқтаж шаңырақтарға бірінші қажеттіліктегі азық-түлік пакеттері таратылды. 

«Алла Тағала: «Сендер адамдардың арасынан шығарылған қайырлы үмбет болдыңдар..» (Әли Имран, 110) деп, мұсылмандарды жақсылық жаршылары ретінде сипаттап, ұдайы жақсылық жасауға шақырған.

 Қоғамның, адамдардың пайдасы үшін жасалған кез келген жақсылық – садақа. Тіпті жамандық жасамаудың өзі жақсылық.  Жетімнің басын сипау, мұқтажға көмектесу, туған-туыс, көрші-қолаң, дос-жаранның жағдайын сұрап, көңілдерін аулау, үлкендерге көмектесіп, кішілеге демеу болу иә жақсылықтың жолдары өте көп. Тек соны ниет ете білетін таза жүрек пен ыстық ықыласы болса, жетерлік» дейді Атырау қалалық Құспан молла мешітінің бас имамы Эммат Ғұмаров.