Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Рамазан айына дайындық барысы туралы ақпарат берді.
«Рамазан – мейірім мен қайырымдылықтың, ізгіліктің айы. Бұл айды асқан жауапкершілік пен мол сауаппен өткізуді нәсіп етсін. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде биылғы пітір садақасының мөлшері 655 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады. Бұл садақаны беру – мұсылмандық міндетіміздің бірі. Сондай-ақ, мешіттерімізде ауызашарлар ұйымдастырылып, халықты бірлік пен мейірімділікке шақыру жалғасады. Биыл өздеріңіз білетіндей, ораза айы күн райының салқын мезгіліне келуіне байланысты ауызашарлар мешіттердің ішінде ұйымдастырылады. Сондай-ақ кешкі тарауих намазынан қайтататын адамдар үшін тегін қоғамдық көліктер ұйымдастырылатын болады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқарасының төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлыны қасиетті айда кәсіпкерлерді барынша төмен бағада азық-түлік өнімдерін халыққа қолжетім етуін айтып үндеу жасаған болатын. Біз де атыраулық кәсіпкерлерді осы игі істе бірлесе жұмыс жасауға шақырамыз,- деп атап өтті бас имам.
Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Рахметұлы рамазан айындағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттілігі турасында ақпарат берді.
Еске сала кетейік Рамазан айы 1 наурызда басталады. Ал, наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз –Ораза айт мерекесі. Биыл Рамазан айында 29 күн ораза ұстаймыз.