Атырауда шәкірттер арасында өткен Құран жарыс қорытындыланды (+ ФОТО)

Бас жүлде, яғни , Умра қажылығына жолдаманы – Құранның 5 парасын жатқа айтқан Бекарыс Бауыржанұлы жеңіп алды.

Жеңімпаздардың барлығын Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы құттықтап, Құран жаттаудың сауабы туралы насихат айтты.

«Ибн Масғуд (р.а.): «Кімде-кім Құранды күндіз хатым етіп оқыса, сол күні періштелер кешке дейін оған салауат айтып тұрады. Ал енді кім Құранды түнде хатым етіп оқып шықса, таң атқанша періштелер оған Алладан жарылқау тілеп шығады», –деген.

 Құран – адамзатты шексіз бақытқа жетелейтін, тура жол көрсететін, қияметке дейін өзгермейтін мәңгі мұғжиза. Құран-соңғы пайғамбарлықтың дәлелі, ханиф (тура) діннің үні әрі Ислам шариғатының ата заңы. Құран оқыған адамның бүкіл болмысымен өзгергенін байқайсың. Ішкі дүниесіне үңіліп қарасаң оның рухани тазарғанын, жүріс-тұрысының өзгергенін көресің» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы. 

Назарларыңызға рухани білім бәйгесі жеңімпаздарының тізімін ұсынамыз:

1-пара бойынша

3-орын Бейбітбекұлы Халид
2-орын Жалғасбекұлы Бекзат
1-орын Қанатұлы Дәурен

3-пара бойынша

3-орын Қалаш Ермаш
2-орын Берікұлы Мейірлан
1-орын Болат Дәурен

5-пара бойынша

3-орын Мұрат Асадулла
2-орын Амангелдіұлы Ахмад
1-орын Бауыржанұлы Бекарыс (кіші қажылыққа жолдама)

“Атыраулық жас қарилардың келешекте білікті хафиз, әрі білімді ғалым болуы үшін мұндай сайыстар аса қажет. Бүгінде облысымызда Құран жаттауға арналған орталық санаулы ғана. Сондай қарилар дайындайтын білім ордасының бірі – Бақтыгерей молла мешіті. Атырау қаласының “Қызыл балық” селосында орналасқан мешітімізден сайысқа қатысқан кішкентай шәкіртіміз Бекарыс Бауыржанұлы бас жүлдеге тігілген Умра қажылығын жеңіп топ, жарды. Шараға қатысып, мешітімізге қолдау білдірген облысымыздың өкіл имамы Алтынбек Ұтысханұлына алғысымыз зор. Сондай-ақ жарысты ұйымдастырған “Бақтыгерей молла” мешітінің ұжымы мен белсенді жастары да Құран бәйгесінің жоғары деңгейде өтуіне атсалысты» дейді “Бақтыгерей молла” мешітінің имамы
Асылбек Тілепбергенұлы.

Еске сала кетсек, бүгін Атырауда облыс мешіттері жанындағы Сауат ашу курстарында білім алып жатқан шәкірттер арасында Құран жарысы өтті. «Құран – рухтың қуаты» атты бәсекеге 37 үміткер қатысты.