Атырауда терроризм бабымен сотталып шыққандар өкінішін айтты (+ ФОТО)

Атырау орталық «Иманғали» мешітінде өткен рухани кездесуге жергілікті дін мамандары және облыстық полиция департаментінің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы исламда мәзһаб ұстанудың маңызы туралы атап өтті.

«Қазақ халқы ықылым заманнан ислам дінін, Әбу Ханифа мәзһабын ұстанып келген. Бұл мәзһаб біздің ділімізбен, дәстүрімізбен ұштасып жатыр. Дінге келген адам білімді болуы қажет. Білімді мешіттерден, медрселерден алған дұрыс» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Атырау облысы Дін істері басқармасы басшысы Хайролла Көшқалиев шет елде отырып, өзін өзі шейх деп жариялаған күдікті адамдардың пәтуасына иланудың соңы – азап екендігін айтты.

«Терроризм бабымен істі болғандардың дені интернеттен ілім іздеп, адастырушылардың соңынан ергендер. Интернет ілім көзі бола алмайды. Бұл сөзімді Сирия асып, азап шеккендер тағдыры да қуаттай түседі» деді спикер Хайролла Көшқалиев.

Жазасын өтеп шыққандар жас өмірлерін адасумен өткізгендеріне өкінетіндерін айтты.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз – қызметі.