Атырауда жамағат арасында діни интелектуалдық жарыс өтті (+ ФОТО, + ВИДЕО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында, қасиетті Рамазан айының қарсаңында  мешіт жамағаттарына арналған облыстық деңгейде «I-QUP» интелектуалды сайысы өтті.

Сайысқа қала, аудан, ауыл мешіттерінен барлығы 21 команда қатысып, бақ сынады.

Интелектуалды ойын 6 бөлім бойынша өтті. Ойлан тап, сурет бойынша сұрақтар, күрделі сұрақтар, тұлғаны табу, аудиосұрақтар және викториналық сұрақтар бойынша қатысушылар білімдерін сарапқа салды.

Қазақтың тарихи тұлғаларының өнегелі өсиеттері, танымдық, Құран аяттарына қатысты да сұрақтар арқылы қатысушылардың білімі сыналды.

Сайысқа Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы қатысып, сәттілік тілеп, қатысушыларға рақметін айтты.

«Әр мұсылман рухани да, физикалық тұрғыдан қуатты болу керек. Ілім-білімін үнемі саралап, ой елегінен өткізіп, қоғамға пайдалы ізгі істерді атқара білуі керек. Бүгінгі сайысымызда имамдар мен жамағаттың қатысуы өзара ынтымақтастық пен бағытымыздың бір екенінің айқын дәлелі» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы

Қорытынды нәтиже бойынша, жүлделі бірінші орынды «Ихсан» мешітінің командасы жеңіп алды. Екінші орынды «Мәулімберген», үшінші орынды «Қ.Мұңайтпасов» мешіті иеленді. Жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, интелектуалды ойынға “Миғраж” рестораны, “Suiinshi” рестораны, “Baurdaq” фаст-фуд желісі, “Атырау тәттілері”, StekloLux Atyrau, «Бәйтерек студиясы» мекемелері демеушілік танытып, қолдау білдірді.