Атыраудың барлық мешіттері күшейтілген санитарлық режимге көшті

amin.kz/16 наурыз, 2020 жыл.  Мақсат түсінікті. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Осы ретте Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінен бастап, аймақтағы барлық мешіттерде жаппай залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен бірге, келуші жамағатқа да тазалық сақтау талаптары таныстырылуда. Коронавирус дертін болдырмау мақсатында ұсынылған гигиеналық ережелер жазылған арнайы парақшалар жабыстырылып, қажетті мағлұматтар ұсынылып отыр.

Еске сала кетелік, бүгінен бастап елімізде Президент Жарлығымен төтенше жағдай енгізілді. Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы коронавирустың алдын алу шараларына қатысты үндеу жариялап, сақтық шараларын күшейтуге шақырған болатын.

Қазіргі таңда Қазақстанда аталмыш пандемияға шалдыққандар саны тоғыз адамға жетті.

«Қалыптасқан ахуалға орай, санитарлық тазалық жұмыстары енді Атырау мешіттерінде үздіксіз жүргізіліп тұратын болады» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.