Атыраулық діни делегация Алматы қаласындағы Нұр-Мүбәрак университетінде білім алып жатқан атыраулық студенттермен кездесті.
Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы Хайролла Көшқалиев, Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы бастаған делегация өкілдері дін саласы кадрларының қоғам өміріндегі маңызы туралы айтты.
Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы Хайролла Көшқалиев Атырау өңірі үшін сапалы діни кадр мәселесі өткір тұрғанын айтты.
«Атырауда көптеп мешіттер салынуда. Қарилар орталығы қызмет көрсетуде. Алға қарай да осындай ірі діни орталықтар ашу жоспарда. Бірақ, ол жерлерде сапалы, білімді дін мамандары қызмет етуі керек. Сол үшін бізге сіздердің оқу бітіргеннен кейін, Атырауға келіп еңбек еткендеріңіз маңызды» деді Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы Хайролла Көшқалиев.
Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы зияткер имам концепциясы туралы түсінік берді.
«Дін – руханият. Дін маманы өзінің көркем мінезі, жүріс-тұрысымен қоғамға үлгі болуы қажет. Біздің ұлтымызға, болашағымызға сапалы діни кадрлар қажет. Дін маманы шариғи біліммен ғана шектелмей, тарих, руханият, салт-дәстүрімізден де хабардар болуы керек» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.