«Дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты Жалғас Садуахасұлының жаңа кітаптары оқырманға жол тартты» деп хабарлайды kazislam.kz.
Дінтанушының екі кітабы әл-Фараби бабамыздың трактаттарына арналған. «Бақытқа жету жайында» атты трактатта әл-Фараби адамның бақытқа жетуі үшін қажетті теориялық, ойшылдық және этикалық ізгіліктермен бірге практикалық ғылымдармен таныстырады.
Ғалым қоғамдағы және жалпы адам өміріндегі тәлім мен тәрбиенің маңызын түсіндіреді, «кемел адам», өмірдегі «асқақ мақсат», «үлгілі басшы», «имам», «шынайы философ» сияқты т.б. тұжырымдарын жан-жақты зерделейді.
Ең маңыздысы, данагөй ғалым өзінің «Мемлекетті басқаруы тиіс тұлға, ол – шынайы философ» деген мәшһүр концепциясын осы трактатта баяндаған. Ғалымның айтуынша «Нағыз патша әрі философ, әрі заң шығарушы».
«Ғылымдардың жіктелуі» трактатында әл-Фараби сол дәуірдегі белгілі ғылымдарды жіктеп көрсетеді: тіл білімі, логика, арифметика, геометрия, оптика, астрономия, музыка, поэзия, шешендік өнері, механика, физика, теология, саясат, фикһ, кәлам және т.б.
Ортағасыр ойшылы бұл ғылым мен білімдердің әрқайсысына жеке тоқтап сипаттама береді, оларға қарасты білім тармақтары мен бөлімдерге талдау жасайды.
Әл-Фарабидің трактаттарының әлі жде жалғасы бар екенін айта кету керек.
«Ортағасыр шығыс философиясындағы басқару мәдениетінің адамгершілік негіздері» атты монографияда орта ғасыр шығыс ойшылдары әл-Фараби, ибн Сина, әл-Ғазали және ибн Баджа мен ибн Халдун сияқты ғалымдардың ілімдері бойынша мемлекетті басқару мәдениеті, басқарушылық әдістері, сондай-ақ қоғамдық мораль, этика, эстетика, құқық нормалары мен қағидаларына сай келетін басқару әдістері қаралады.
Адам, қоғам және мемлекет ұғымдарымен қатар адамгершілік құндылықтар зерделеніп, билік пен халық арасында болуы тиіс қарым-қатынастың әдептілік ережелері сараланады.