Экстремизммен күрестегі басты операциялар нәтижесі жөнінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов Azattyq Rýhy тілшісіне жауап берді.
«Қазір оңалту жұмыстары жүріп жатыр. Адамның діни сенімі мен нанымын дұрыс бағытқа бағдарлау үшін бірнеше кезеңнен тұратын күрделі этаптан өткізу қажет. «Жусан» операциясы арқылы елге қайтқан, төрт кезең бойынша әйелдердің 90 пайызы қазір оңалтудан толық өтті. «Ақниет» ұйымымен бірге психологиялық, реабилитациялық жұмыстар жүргізілді», – дейді ол.
2019 жылы «Жусан» операциясымен Сириядан 595 адам оралды. 2020 жылы ақпан айында «Жусан-5» операциясы нәтижесінде тағы 12 қазақстандық қайтарылды. Ал, Ирактағы террорлық аймақтан «Русафа» операциясы барысында кәмелетке толмаған 14 бала елге оралған («Русафа» операциясы – балалардың анасы өмір бойына сотталған Ирактағы түрменің атымен аталып кеткен).
«Елге оралған азаматтардың дені БҚО (31 адам), Атырау (24 адам), Қарағанды (23 адам) қалаларына шоғырланды. Байқап отырғандарыңыздай, олардың көбі Қазақстанның батыс өңірлерінде. Сол себепті, батыста деструктивті, радикалды топтағы адамдар саны басым екені рас. Жалпы өсімді біз тоқтаттық, енді батыстағы аталған топтағы азаматтармен оңалту жүргізіліп, олардың санын азайту көзделіп отыр. Комитеттің мақсаты – теологиялық, психологиялық көмек көрсету», – дейді Ержан Болатқанұлы.