Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы атыраулықтарды көрісу мерекесімен құттықтады

amin.kz/14 наурыз, 2020 жыл. Құттықтауда көрісудің қаһарлы қыстан аман өріп, жаңа күнге аяқ басқан халықтың шүкіршілік етуінен туған мереке екендігі айтылған.


«Әлемге есімі мәшһүр парсы математигі, астроном, ақын, философ Омар Хайямның «Наурызнамесінде» жаңа жылдың наурыздың 14-інен басталатындығы айтылады. Ескерерлігі, Омар Хайям – өз заманында дүние жүзі мойындаған күнтізбе жасаған ғалым.


Оның күнтізбесі аса дәлдігімен, әрі күн қозғалысына негізделуімен ерекшеленеді. Мұның өзі көрісу мерекесінің тамыры әріде жатқандығын дәлелдейді. Расымен де, көрісу мерекесін бүгінде еліміздің батыс өңірлерімен бірге, көршілес Ресей елінің Астрахан, Самара, Волгоград және Саратов облыстары, Қарақалпақ Республикасы мен Өзбекстан елі де ерекше ықыласпен атап өтеді.


Асылында, сәлемдесу, көрісу – мұсылмандардың осы өмірдегі және жұмақтағы амандасу үлгісі, әрі оларды ерекшелейтін белгісі. Алла Тағала Құранда «Сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер Раббыларының рұқсатымен ішінде мәңгі қалатын, астынан өзендер ағатын жәннаттарға кіргізіледі. Олардың жәннаттағы амандасулары «сәлем» болады» деп келтіреді. Саулық сұрау мұсылмандар арасындағы сүйіспеншілік пен бірліктің себепкері.


Сәлем беріп, көрісудің аман-саулық сұрау дұғасымен қатар, Алланы еске алу болып табылатын тамаша дәстүр екендігін ескерсек, көрісуде көп мән барын көреміз.
Мереке құтты болсын! Еліміз көлденең кесапаттан аман болсын! Әмин!» делінген құттықтауда.


Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.