БАС ИМАМ ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН БАРДЫ

Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы Қызылқоға ауданына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында ол аудан әкімінің орынбасары Иғали Айдынғалиұлымен кездесіп, өңірдегі діни ахуал, рухани тәрбие және мешіттердің қызметі жөнінде пікір алмасты.

Кездесу барысында Болатбек Ұласқанұлы:

«Дін – қоғамның рухани тірегі. Имандылық пен адамгершілік құндылықтарын жастарға сіңіру – баршамызға ортақ міндет. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазіргі таңда дін мен дәстүр сабақтастығына ерекше мән беріп отыр. Негізгі жұмысымыз төрт бағытта жүргізілуде: біріншісі – дін мен дәстүрдің үйлесімін насихаттау, екіншісі – оқу-ағарту ісін дамыту, үшіншісі – халыққа дұрыс уағыз-насихат жеткізу, төртіншісі – жат ағымдардың алдын алу. Осы бағыттар қоғамдағы тұрақтылық пен рухани тұтастықты қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл ретте мешіт пен жергілікті билік бірлесе жұмыс істеуі аса маңызды», – деді.

Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Иғали Айдынғалиұлы дін қызметкерлерінің қоғамдағы орны ерекше екенін айтып, ортақ іс-шараларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

Кездесу соңында Болатбек Ұласқанұлы аудан орталығы – Миялы ауылында болашақта салынатын жаңа мешіттің жер телімін барып көрді. Жаңа мешіттің жобасы мен маңыздылығы туралы пікір білдіріп, бұл игі істің ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.