Бас мүфти «әл-Фараби» залы мен «Хәкім Абай» атындағы кітапхананың ашылу рәсіміне қатысты

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы «әл-Фараби» залы мен «Хәкім Абай» атындағы кітапхананың ашылу рәсіміне қатысты.

«Біз шәкірттерімізге әл-Фараби, Хәкім Абай сынды ойшылдарымыздың ғибратқа толы еңбектерін оқыту бағдарламасын ұдайы жалғастыра беруіміз керек. Болашақ имамдарымыз ғұламаларымыз бен тұлғаларымыздың рухани мұрасынан өнеге алып, оны халыққа жеткізуде белсенді болуы тиіс.

Осы мақсатта Діни басқарма жанындағы кітапханаға Хәкім Абайдың, үлкен залға әл-Фараби бабамыздың есімін беру туралы шешім қабылдадық. Бұл Діни басқарма тарапынан «Рухани жаңғыру» бастамасына қосылған үлес деп есептеймін. Біз дін, тарих, салт-дәстүр сабақтастығын насихаттау ісін жалғастыра береміз» деп атап өтті Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетсек, ҚМДБ ғимаратында орналасқан «әл-Фараби» атындағы залда 434 адам бір мезетте ғибратты кездесулер мен кештердің куәсі бола алады. Залдың аумағы – 550 шаршы метр. Ал «Хәкім Абай» атындағы кітапханада 2 мыңнан астам кітап қоры жинақталған. Кітапхана аумағы – 128 шаршы метр.