Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Біріккен Араб Әмірліктеріне барған сапарында Әбу-Даби қаласында осы елдегі елшіміз Мадияр Меңілбековпен кездесті.
Кездесуде елші Бас мүфтиді жуырда ғана Астана қаласында ұйымдастырылған І халықаралық Құран жарысының сәтті өтуімен құттықтап, игі тілегін білдірді. Елші бұл игі іс-шара халықаралық байланыс пен әріптестік қарым-қатынасты арттыра түсуге оң ықпал еткенін атап өтті.
Сонымен қатар екіжақты кездесуде Әбу-Даби қаласында Шариғи пәтуалар кеңесінің ұйымдастыруымен «Ғылыми жаңалықтарға шариғаттың көзқарасы: әдістемелік, практикалық, моральдық» тақырыбында өткен халықаралық конференцияда көтерілген мәселелер сөз болды. Басқосу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықты арттыруға келісті.