Бас мүфти Атырауда 100 отбасына азық-түлік табыс етті (+ ВИДЕО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысына сапарында жамағатты қасиетті Ережеп айының келуімен құттықтап, сауабы мол айдың құрметіне 100 отбасыға арнайы сыйлық үлестірді.

Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешітінде өткен қайырымдылық акциясына көпбалалы отбасылармен қатар «Жусан» операциясымен елге оралған азаматтарды қамтыды.

«Біз жыл басында жеті бағыт бойынша атқаратын жұмыстарымызды бекітіп алдық. Соның бірі – қайырымдылық. Өйткені адам баласы қоғам, қауым ретінде өмір сүруге бейім жаратылғандықтан, бір-біріне мұқтаж. Осындай мұқтаждық кезінде адамдар бір-біріне көмектесіп, мейірімділік танытады. Халқымызда: «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген нақыл сөз бар. Осы акцияға үлес қосқан жомарт жандарға Алла разы болсын!» деді Бас мүфти.

Мешіт қызметкерлері 100 отбасыға «Ережеп сыйлығын» жеткізіп берді.

Жалпы салмағы 2 тонна болатын қайырымдылық пакетінен әр отбасына 20 келіден бірінші қажеттіліктегі азық-түлік жеткізілді.

Еске сала кетелік, бұл жыл басталғалы бері Атырау облысының мешіттерінде 12 қайырымдылық іс-шарасы өтті.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.