Бас мүфти белгілі ғалым Бақытжан Сатершиновпен кездесті

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары барысында Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану орталығының директоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Сатершиновпен кездесті.

Кездесуде Кеңес дәуірі тұсында саяси қуғынға ұшыраған дін қайраткерлерін анықтап, оларды ақтауға үлес қосу мақсатында өтетін конфереция барысы талқыланды.

Бас мүфти саяси қуғын-сүргінге ұшыраған халқына қалтқысыз қызмет еткен ұлт қаймақтары арасында молдалар, ахундар, ишандар, жалпы дін қайраткерлері болғанын айта келе, жазықсыз өлім жазасына кесіліп, әлі күнге дейін ақталмаған дін қайраткерлерінің мұраларын жаңғыртып, есімдерін елге таныту біздің міндет екенін баса айтты.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның Дәстүрлі дін өкілдерін ақтау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Бақытжан Сатершинов конфереция барысында Кеңес заманындағы дәстүрлі дін өкілдеріне қарсы саяси қуғын-сүргін көрсетудің ерекшеліктері, қуғынға ұшыраған дін өкілдерін анықтауға қатысты ғылыми айналымға енбеген архивтік мәліметтер мен ауызша деректерді талдау, дәстүрлі конфессиялардың ақталмаған өкілдерінің дербес деректер базасын қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу керектігін алға тартты.

Кездесу соңында Наурызбай қажы Тағанұлы Бақытжан Сатершиновке биыл «Мүфтият» баспасынан жарық көрген «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабын сыйға тартты.