Бас мүфти халықаралық конференцияда баяндама жасады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматыға барған сапарында Нұр-Мүбәрак университетінде «Киберкеңістіктегі діни дискурс: сын-тегеуріндер мен шешімдер» тақырыбында өтіп жатқан халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда баяндама жасады.

«Әр нәрсенің жақсы және зиян тұсы болады. Интернет пайда болмастан алдын асыл дінімізге тіл тигізу, діни құндылықтарды мазақ ету оқиғалары бола бермейтін. Оның үстіне ақпараттық майдан әлсіз болатын. Ал соңғы жылдары дін дұшпандары әлеуметтік желіні пайдаланып, исламға қарсы ақпараттық шайқас жүргізуде.

Олай дейтін себебіміз, әлеуметтік желі арқылы асыл дінімізді мансұқтап, Құранға, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тіл тигізетіндер мен арсыздықты насихаттайтындардың жазбалары белең алып барады. Соның салдарынан әлеуметтік желілер талас-тартыстың негізгі құралына айналды.

Біз көзі ашық, көкірегі ояу мұсылман ретінде ғаламторды дұрыс пайдалануымыз керек. Осы орайда барша жамағатты, әлеуметтік желі қолданушыларын шариғат шеңберінен шықпауға, қоғамда көрініс тапқан өзекті діни мәселелердің жауабы мен шешімін мүфтияттан, Ғұламалар кеңесі қабылдаған пәтуадан алуға, көпшілік қауым қабылдай бермейтін діни нәзік мәселелер төңірігенді пікір білдіруде парасаттылық танытуға, асыл дініміз исламмен қоса өзге де дін өкілдерінің сеніміне құрметпен қарауға шақырамын» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Халықаралық конференцияда Түркиядан, Малайзиядан, Мысыр Араб Республикасынан, Ресейден келген ғалымдар қазіргі замандағы киберкеңістіктегі сын-тегеуріндер жайлы ой-пікірлері мен ұсыныстарын жеткізуде.