Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтау қаласында Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездесті.
Кездесуде Бас мүфти бүгін киелі Маңғыстау өңірінде ХІI республикалық «Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу» байқауы басталғанын, бұл игі іс-шара аймақтағы мұсылман жамағатының рухани өміріне оң серпін беретінін атап өтті. Сонымен қатар өңірдегі діни ахуалды жақсарту үшін білімді, тәжірибелі дін мамандарын тартудың маңызына тоқталды.
Облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы ортақ мақсаттарды жүзеге асыруға әрқашан мүдделі екенін жеткізді. Басқосуда жастарды деструктивті діни ағымдардың теріс идеологиясынан сақтандыру, өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу мәселесі сөз болды. Кездесу соңында тараптар игі жобаларды бірлесе жүзеге асыруға келісті.
Айта кетсек, бүгінде Маңғыстау облысында 40 мешіт жұмыс істейді. Онда 100-ден астам дін қызметкері өзіне жүктелген діни міндетті атқаруда.