Бас мүфти Марокко корольдігінің Сыртқы істер министрімен кездесті

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Марокко Корольдігіндегі жұмыс сапары барысында Сыртқы Істер министрі Насыр Буританың өтініші бойынша кездесу өтті.

Министр ең алдымен ҚМДБ делегациясын жылы қабылдап, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейге жеткенін атап өтті.

«Сіздің Корольдікке келуіңіз бізді қуантты. Біз Орталық Азиядағы Қазақстанмен әріптестік байланысымызды арттыра береміз. Арамызды мыңдаған шақырым бөлгенімен біздерді әрине дін көбірек байланыстырады. Корольдің бастамасы аясында қарым-қатынасымызды дамыта бермекпіз.

Сіздің Мароккаға жасаған сапарыңыз сәтті болды деп санаймын. Бүгін Өзіңіз екі елдің ынтымақтастығын жақсартуға бағытталған меморандумға қол қойдыңыз. Сондықтан осы бағыттағы ауқымды жұмыстарға көбірек көңіл бөлсек деймін. Сапарда орындалған ынтымақтастық бағытындағы жұмыстарыңызға Алла жар болсын» деді министр.

Өз кезегінде Бас мүфти министрге ыстық ықыласы үшін алғыс білдіріп, ынтымақтастық жолындағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

«Сіздің біздің ел туралы айтқан жылы лебізіңізге рақмет. Биыл дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толды. 2016 жылдан бері Қазақстанда Марокко Корольдігінің Елшілігі жұмыс істеп келеді.

Біз барлық Елшілермен оның ішінде Марокко Корольдігінің Елшісімен де тығыз байланыстамыз. Мәуліт, Рамазан айларында кездесіп тұрамыз. 12 ғасырлық тарихы бар атақты Әл-Қарауин университетіне зиярат жасадық.

Мақсатымыз Діни басқармамен Мароккодағы ислами бағытта жұмыс істейтін орындармен қарым-қатынас орнатып, келешекте үлкен жобалар атқару. Сізге және Марокко халқына амандық тілеймін» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетейік Мароккодағы сапар барысында осы елдің Уақыптар және Ислам Істері жөніндегі министрлігі арасында Ислам ынтымақтастығы туралы меморандум жасалып, нақты қадамдар іске асты.