Бас мүфти: “Наурыз – жаңғырудың нышаны”

Қадірлі отандастар!

Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Біздің бабаларымыз төл жаңа жылымыздың бастауы саналатын, табиғатқа жан бітіріп, тіршілікті түлететін Наурыз мейрамына ерекше мән берген.

Себебі бабаларымыз Наурызды  – жаңашылдыққа ұмтылудың, жаңғырудың нышаны деп қабылдаған. Содан болар, берер тағылымы мол, тарихы тереңде жатқан Наурыз мейрамын ел болып асыға күтеміз. Ежелден игі дәстүрімізге айналған Ұлыстың Ұлы күні – ізгілік пен мейірімнің мейрамы. Өйткені бұл күні халқымыз бұлақтың көзін ашып, ағаш егіп, бір-бірін құттықтап, бір-біріне ізгі тілегін арнайды. Ақсақалдардың «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деген тілегінің тағылымы зор. 

Ардақты ағайын!

Осынау шуақты мерекеде әр отбасыға бақыт пен бірлік, татулық пен бар жақсылықты тілеймін. Алла Тағала халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық нәсіп етсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Әмин!