Бас мүфти Қамқоршылар кеңесінің ҮІІІ отырысына қатысты

Бүгін елордадағы ҚМДБ ғимаратында Нұр-Мүбарак университеті жанындағы Қамқоршылар кеңесінің VIII отырысы өтті. 

Алқалы жиынға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, Қазақстанның Мысыр Араб Республикасындағы елшісі Қайрат Лама Шариф, сондай-ақ Мысыр тарапынан Уақыптар министрі Мұхтар Жұма, әл-Азһар университетінің ректоры Салама Дауд, университет жанындағы Ислам зерттеулер академиясының бас хатшысы Назыр Аяд, Уақыптар министрлігінің кеңсе басшысы Абдулла Хасан, Мысыр Араб Республикасының Қазақстандағы елшісі Манал Ехия әл-Шиннауи, Мысырдың Қазақстандағы консулы Эллесси Мохамед Шериф және Нұр-Мүбарак университетінің ректоры Мұхаммад әш-Шаххат әл-Жинди қатысты. 

Басқосу Құран Кәрім оқумен басталып, одан ары күн тәртібіндегі мәселелер қаралды. Атап айтқанда, Нұр-Мүбарак университетінің дін мамандарын дайындаудағы қызметі, оқу бағдарламасындағы өзгерістер т.б. мәселелер қаралды. Жиында сөз алған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кеңес отырысының екі ел арасындағы рухани байланыс пен бірлескен жұмыстарға серпін беретініне сенім білдірді. 

«Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін, атап айтқанда, 1992 жылдан бастап екі ел арасында берік дипломатиялық байланыс орнады. Биыл осы байланысқа 30 жыл толды.

Ынтымақтастығымыздың дәлелі ретінде Алматы қаласында 2001 жылы Нұр-Мүбарак университеті бой көтерді.

Бүгінге дейін аталған оқу ордасын исламтану, дінтану, шет тілі, шетел филологиясы, аударма ісі т.б мамандықтар бойынша 2 333 түлек (бакалавр), 331 магистрант, 66 докторант бітірді. Олар еліміздің игілігі мен Ислам дінінің дамуына өзіндік үлесін қосуда» деді Наурызбай қажы Тағанұлы. 

Мәжілісте тараптар Нұр-Мүбарак университетінің ректоры мен проректорының жұмысына жоғары баға беріп, олардың қызметтік өкілеттігін келесі кезеңге дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар жиында күн тәртібіндегі мәселелер толық талқыланып, университет Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша арнайы жұмыс комиссиясын құру туралы ұйғарым жасалды.    

ҚМДБ Төрағасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Әл-Азһар университеті арасында ортақ келісім барын, осы келісім аясында әл-Азһар университеті жыл сайын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 50 білім грантын бөліп келе жатқанын алға тартып,

Жоғары мәртебелі имам Ахмет Тайып пен Уақыптар министрі Мұхтар Жұма мырзаларға Қазақстан мұсылмандары атынан тағы да алғыс айтты.