Бас мүфти Республика күні датасының атаулы мереке ретінде оралуына пікір білдірді

Бас мүфтидің пікірінше, Тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры саналатын, елдігіміздің бастауы саналатын Республика күнінің маңызы зор.

Бұл туралы Бас мүфти Республика күнімен құттықтауында жазды.

25 қазан – Республика күні араға 13 жыл салып, ұлттық мереке ретінде қайта оралды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда: «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын.

Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», – деген болатын. 29 қыркүйек күні Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойып, Республика күнін ұлттық мерекелер қатарына қосты.

Біз үшін Тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры саналатын, елдігіміздің бастауы саналатын Республика күнінің маңызы зор. Себебі 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданған болатын.

Осы күннен бастап болашақ тәуелсіз елдің іргетасы қаланып, елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамы жасалды. Қазақстан дербес мемлекет ретінде орныға бастады. Сондықтан бұл күнге ерекше құрметпен қарап, еркіндіктің, егемендіктің бастауы ретінде аса мән беруге тиіспіз.

Республика күні – еліміздің игілігі, баға жетпес құндылық. Сол себепті бұл күннің мән-маңызын жас ұрпаққа көбірек дәріптеп, ұлттық рухты асқақтататын, айбынымызды асыратын іс-шаралар ұйымдастырып, жоғары деңгейде атап өтуіміз шарт. Себебі дана халқымыз айтқандай, «Отан отбасынан басталады». Алла Тағала Отанымызды шын сүйіп, елімізге адал қызмет етуді нәсіп етсін!

Алла Тағала еліміздің егемендігін баянды етіп, халқымызға амандық, жерімізге тыныштық бергей! Әмин!

Наурызбай қажы Тағанұлы,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы