Елордада ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркия Республикасының еліміздегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Уфук Екиджи мырзамен кездесті.
Кездесуге Түркия Елшісінің Дін істері жөніндегі кеңесшісі Галип Акын, ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы және Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров қатысты.
Бас мүфти кездесу барысында ҚМДБ қызметкерлері мен имамдарының пандемия кезіндегі атқарған жұмыстарын ерекше атап өтіп, 25 қараша күні Діни басқарманың құрылғанына 30 жыл толуына орай өтетін «Бейбітшілік пен рухани келісімді сақтаудағы Ислам институттарының рөлі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция жөнінде тілге тиек етті.
Ал, Түркия Елшісі пандемияға қарамастан ізгі істердің ұйытқысына айналып, халықпен тығыз араласып, онлайн форматта да қайырымдылық шараларды жүзеге асырып жүрген ҚМДБ қызметкерлері мен мешіт имамдарына алғысын білдірді. Одан бөлек, алдағы күндері болатын халықаралық онлайн конференцияға сәттілік тілеп, екі ел арасындағы рухани байланыстың берік боларына тілектестігін жеткізді.
Сондай-ақ, Наурызбай қажы Тағанұлы «Хасеки» академиясында қазақ балаларының діни білім алып, білікті маман болып шығуларына мүмкіндік беріп отырған Түркия мемлекетіне, Дін істері басқармасына және екі елдің дипломатиялық қатынасына ұйытқы болып отырған Төтенше және Өкілетті Елші Уфук Екиджи мырзаға алғысын білдірді.