Мүфтият төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысына жұмыс сапары аясында Жылыойда жамағатпен кездесті.
Бас мүфти насихатында бауырмалдық, ихсан және сауда-саттықтағы әділдік пен әдеп жөнінде кеңірек тоқталды.
««Ихсан» сөзінің тілдік мағынасы «жақсылық», «игілік» деген ұғымды білдірсе, шариғаттағы мағынасы бір істі қолға алғанда оны «ең әдемі, ең кемел түрде жасау» дегенді білдіреді. Ихсан – адам жүрегін түрлі рухани дерттерден тазартып, сол арқылы мінез құлқын көркемдеп, әр амалын кемелдікке жеткізетін ілім. Соның ішінде адалдық пен әділдік – нағыз мұсылманның бойынан табылуы тиіс сипат.
Ал саудадағы адалдық көрінісінің бірі – алдау-арбау сияқты екі адамның арасына өшпенділік салатын істерден сақтану. Жаратушы Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 29-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Бір-біріңнің мал-дүниелеріңді арам жолмен жемеңдер. Ал өзара келісіп, ризашылықпен жасаған сауда-саттықтың жөні бөлек», – деп ескертті» деді ҚМДБ Төрағасы.
Жұма намазынан соң Бас мүфти Құлсары қаласының жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.