Батыс өлке жамағаттары арасындағы рухани кеш мәреге жетті (+ ФОТО)

Атырауда Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе облыстары жамағаттарының рухани кеші аяқталды.

Жамағатты өзара таныстыру, ынтымақты арттыру мақсатында ұйымдастырылған шара екі күнге жалғасты.

Іс-шара аясында жамағат діни сұрақтар, рухани мәселелер бойынша білім алып, спорттық сайыстарда бақ сынасты. Жамағаттар суда жүзу, садақ ату, арқан тартыс, қой көтеру сынды ойындардан мықтыларды анықтады. Сондай ақ, футболдан жолдастық кездесу өтті.

Шара аясында ұстаз Ерболат Боханов, дінтанушы ғалым Ернар Абзалов насихаттар айтты.

Сондай ақ, рухани шараның демалыс орнында және спорт кешінде ұйымдастырылуына демеушілік жасаған «Тоныкөк» спорт кешенінің және «Тоныкөк» демалыс орнының басшысы Тұрар Ғалымжанұлына алғыс хат табыс етілді.

Жамағаттарға арналған рухани шара кемеде қорытындыланды. Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жамағаттың кемеде бас қосуының мәнін түсіндірді.

«Қазақта «Кемедегінің жаны бір» деген керемет сөз бар. Біз де қазір бір кемеде жүзіп барамыз. Егер жамағат әр жаққа тартып, бөлінетін болса, бірлік кетеді. Бірлік ыдыраған жерде береке болмайды. Елімізде бір мүфтият бар. Барша мұсылман қауымы қара шаңырақ – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы маңайына топтасуы қажет» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Мүфтият жариялаған “Ислам – ынтымақ пен бірлік діні жылы” аясында өткен шараны ҚМДБ Атырау облысы бойынша өкілдігі ұйымдастырды.

Іс шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Ташайұлы, Маңғыстау облысының бас имамы Ануар Елжанов, Батыс Қазақстан облысының бас имамы Бақытжан Сабралиев арнайы келді.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.