Бауыржан Момышұлының уақыбы


Уақыптың шариғаттағы мәні – өзіне тиесілі бір мүлікті Алла разылығы үшін халықтың игілігіне беру, жақсылыққа жарату, өз иелігін тоқтату дегенді білдіреді. 

Алла Tағала Әли Имран сүресі, 92-аятында: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар, не жұмсасаңдар да Алла оны сөзсіз біліп тұрады» десе, Қасиетті Сәбә сүресі 39 – аятында: «Алла жолында берген нәпақаларыңның есесін Алла толтырады»,-делінген.

Яғни уақып жасау арқылы адам баласы мал-мүлкі мен руханиятына пайда әкеледі.
Имам Мүслимнің сахих хадистер жинағында сахаба Әбу Һұрайра (р.а.) риуаят еткен пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде былай делінген: «Адам баласы дүние салғаннан соң оның амалы тоқтайды. Тек мына үш амалдың сауабы иесіне үздіксіз жетіп тұрады. Олар: Садақа жария, пайдалы ғылым, артынан дұға қылатын салихалы перзент».

Біз білетін қазақ даласында да уақып істері кеңінен насихатталғанын бабаларымыздың шығармаларынан көруге болады. Ендігі жерде мақаламызға арқау болып отырған аталмыш ізгі амалдарға тоқталып өтсек.

Біз бүгін сөз еткелі отырған уақып қазақтың даңқты перзенті, Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлы атамыздың өз қолымен жасаған жақсылығы. Бауыржан Момышұлына: «Кімді қадірлейсіз?» – деген сауал қойылғанда: «Ардақты ананы қадірлеймін», – деп жауап бергені бар. Батыр Бауыржан атамыз бұл сөзін ісімен де дәлелдеген біз біліп-білмейтін ғибратты оқиғалар көп.

Соның бірі – өзіне алған пәтерді кейуанаға бергені туралы оқиға жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызында» баяндалған.

Бұл жердегі оқиғадан көретініміз Бауыржан атамызға берілген пәтерді көруге барған кезде есік алдында тұрған соғыста қаза болған сарбаздың анасына құрмет көрсетуі. Қашан да ардан аттамаған батыр атамыз дереу шешім шығарып өзіне берілген мүлікті басқа адамға табыстайды.

Батыр бабамыздың Құдайдан қорқып, ананы құрметтеп, отанды қорғау жолында мерт болған сарбаздың алдындағы қасиетті борыштарын сыйлағандығы көрініс береді.
Бауыржан Момышұлы бір сөзінде «Терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көргенім жоқ»,- деген даналық сөзі бар.

Әр ісінде адалдықты ту еткен жанның қашанда өмірінде береке болары сөзсіз. Өз пәтерін кейуанаға берген халық қаһарманына  бірсыпыра уақыт өткеннен кейін Фурманов көшесінен басқа пәтер берілген екен…»
Алла Тағала өзгеге мейірім көрсеткен пендесін Өз мейіріміне бөлейді дегені осы шығар.
 
 
Арман Исаев,
«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы,
Атырау облысы бойынша уақып қорына жауапты маман