amin.kz/ 18 мамыр, 2020 жыл. Елімізде жарияланған төтенше жағдай және карантин режиміне орай уақытша жабық тұрған құлшылық ордалары бүгін жамағатқа есіктерін айқара ашып отыр.
Арнайы кезеңдік кесте бойынша бүгін қазақ даласындағы мың жарымға жуық құлшылық ордасы санитарлық талаптарды сақтай отырып, өз жұмысын бастады.
Алғашқы кезең бойынша бүгін елорда мешіттері ашылып, құлшылық ордасына деген сағыныштары тасыған жамағатқа қуаныш сыйлады. Бас шаһардағы 12 мешіт барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, бекітілген ережелер бойынша өз жұмыстарын бастады.
Айта кетейік, әзірге еліміздегі ешбір мешітте жамағатпен намаз оқылмайды. Мешітке келуші адам белгілі арақашықтықты сақтай отырып, жеке құлшылығын өтеуіне болады. Мешіт ішінде 15 минуттан аса бөгелмегені абзал. Сондай-ақ, намаз оқитын залдарда имамдар және намаз оқитын адамдар міндетті түрде бетперде және медициналық қолғаппен жүруі керек.
Мешіттер өңірлік уақыт ерекшелігін ескере отырып, таңғы 07:00 мен кешкі 20:00 аралығында жұмыс істейді. Тұрғындардың қауіпсіздігі мақсатында бұл шарт ертеңгі Қадір түнінде де сақталады.