Дем салғанда қандай дұға оқылады?

Шариғатымызда көз тигенде, сиқыр жасалғанда, жын тигенде, қорыққанда, бір нәрседен шошынғанда, ауырғанда, ақыл-есінен ауысқанда, басқа да себептермен дем салуға, үшкіруге рұқсат берілген. Сиқыр жасау, көз тию, жын тию – ақиқат.

Ол жайында Құранда да, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де баяндалған. Құран аяттары және дұғалармен дем салу – Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті әрі үмбетіне үйретіп кеткен амалының бірі.

Дем салу рәсімі араб тілінде «рұқия» деп аталады. Яғни Құран Кәрім аяттарын және Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріндегі дұғаларды оқып өзіне немесе өзге адамға дем салу. Мысалы, «Фатиха», «Ясин», «Ықылас», «Фалақ», «Нас» және «Аятул әл-Курси», басқа сүрелер мен аяттарды оқып, дем салуға болады. 

Құранның қасиетінің бірі – жанға дауа, дертке шипа болуы. Құран өмірден озған кісілердің рухына ғана оқылмайды. Дертке шалдыққан адам Құран аяттарын шипа ретінде оқи алады. «Исра» сүресінің 82-аятында: «Біз Құраннан мүминдер үшін шипа һәм рақым болатын аяттар түсіреміз», – делінген. Бұл аяттан Құранның шипалық қасиеті айтылып тұрғанын көреміз. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Ықылас», «Фалақ», «Нәс» сүрелерін оқу арқылы дем салған, сондай-ақ Алла елшісі: «Фатиха» сүресі – әрбір дерттің дауасы», – деген. Сондай-ақ Пайғамбарымыз: «Уа, Алла! Адамдардың Раббысы, кеселдерді кетіруші, шипа бер! Сен шипа берушісің. Сенің шипаңнан басқа шипа жоқ. Бұдан кейін аурудың ізі де қалмайтындай етіп сауықтыр», – деп дем салатын.

Қазіргі таңда «сиқыр жасалған», «көз тиген» «жын тиген» адамдар көп. Адамдар таңғы, кешкі зікірлерді оқу және өзіне дем салып жүру арқылы олардан сақтана алады. Әркімнің өз-өзіне дем салуына болады немесе дем сала алатын имамның көмегіне жүгінеді. Таңдаулы сүрелер мен Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен дұғаларды оқып, әр шипа аят дұғаларды оқыған соң науқас адамға сүфілеп отырады.

Егер науқасқа көз тиген болса және көзі тиген адам анықталса, оның дәрет алған сумен көз тиген адамды емдейді. Хадисте: «Біреуіңнің көзің біреуіңе тисе, оны шомылдырыңдар», – делінген. Ал науқасқа сиқыр жасалғаны анықталса, сиқыр жайлы келген аяттарды қайталап, көбірек оқу керек. 

Жоғарыда айтқанымыздай, «сиқыр жасау», «көз тию», «жын тию» – ақиқат. Сондықтан мұсылман олардан қорғану үшін таңғы, кешкі зікірлерді оқып жүруі керек. Егер сиқыр жасалған болса, Құранда келген сиқырға қатысты аяттарды мен хадистерде келген дұғаларды оқып, өзіне дем салуы немесе дем салатын имамдарға жүгінуі қажет.

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ

«Иман» журналы, №10, 2023 жыл