Депутат курьер болып жүрген жалғызбасты анаға пәтер сыйлады

Мәжіліс депутаты Руслан Берденов күндіз тамақ пісіріп сатып, кешкісін балаларын ертіп алып тамақ жеткізуші қызметін атқарып жүрген жалғызбасты ана Салтанат Мұратоваға пәтер сыйлады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлеуметтік желіде белсенді Әбдісамат Әбдіш бұл туралы жазып, нәтижесінде Мәжіліс депутаты Руслан Берденов жалғызбасты анаға пәтер сыйлады. Ол «Asar Ume» еріктілер тобы арқылы қаржылай көмек аударған.

«Салтанат Мұратова – екі баласын өзі асырап отырған жан. Отбасын асырау үшін күндіз мәнті жасап сатса, кешке балаларымен бірге курьер болып жұмыс істейді. Мәжіліс депутаты Руслан Берденов қайырымдылыққа үлес қосып, оның баспаналы болуына көмектесті.

Білуімше, ол басқа да игі істердің басы-қасында жүреді, бірақ жария болуын қаламайды. Осындай жақсылықтарды көбірек насихаттасақ, игі істер көбейе түсер еді. Қыс айында екі баламен курьер болудың қаншалықты қиын екенін елестетудің өзі ауыр… » деп жазды Әбдісамат Әбдіш.