Дінді дұрыс пайымдаған жағдайда ғана ғылымның есігі ашылады

Дін адамды білімге қарсы қоймайды, адамның ізденістеріне тұсау салмайды. Бірақ, позитивистік және материалистік теориялар ғылым мен ойлау жүйесін толығымен тұмшалап алды, — дейді Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

–Басқаша айтқанда, барлық нәрсені материямен, табиғатпен байланыстырып қойдық та, метафизикалық түсіндірулер толықтай ысырылды. Анығында, атоммен бірге субатомдық және макроатомдық әлемдер де зерделеніп, ықтималдықтарға орын берілуі қажет еді. Осы жерде Майлықожа ақынның «Шеберді шебер дегенше, Алланы шебер десейші» деген сөзі еске түседі. Мұсылмандар Алла Тағаланы білім, ғылым арқылы тануға тырысуы тиіс. Сонда барып иман еліктеумен шектелмей, шынайы тақхиқи иман дәрежесіне ұласады. Бүгінгі күні жасалуы керек маңызды істің бірі – осы.

Яғни, жастарға жаратылыс пәндерін оқытып, оған діндегі имандылық пен тәрбиелікті ұштастыра білу. Діннен хабарсыз болу адамды сауатсыз дүмше етсе, дінде тым оғаштықтарға, әсіреліктерге барудың соңы – көзсіз фанатизм. Осы себепті дінді дұрыс пайымдаған жағдайда, ол адамға ғылымның да есігін ашады.

Өйткені, ислам білімді кісінің дәрежесін әрдайым жоғары қояды. Қасиетті Құран аяты білімділер мен білімсіздердің тең бола алмайтынын назарға ұсынады. Бүгін кейбір мұсылман ғалымдар миға ғылым, жүрекке руханият, имандылық керектігін айтып, осы бағытта қатар жұмыс істеу керектігін түсіндіруде.

Алаш зиялылары да өз заманында мұсылман жұртына білімді болу үшін оқу, бай болу үшін кәсіп, ауызбіршілікте болу үшін ынтымақ керектігін дәріптеуден жалықпаған. Осы себепті діни білім мен әлеуметтік ғылымдар арасындағы жоғалған байланысты ғылымға жаңаша көзқараспен қарау арқылы, сапалы білім беру мен саналы тәрбие беру ісін жұмыла қолға алу арқылы қайта жалғауға болады, — дейді А.Ұтысханұлы.