Құрметті көрермендер! Қадірлі жамағат!
Өздеріңізге белгілі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен елімізде жарияланған пандемиялық жағдай кезінде «Халық арна» телеарнасы ашылған болатын.
Өзге салалардағы жұмыс жүйесі мен ақпарат құралдарының қызметі онлайн режимге өткен сындарлы сәттерде «Халық арна» телеарнасы халыққа дер кезінде қажетті ақпараттар мен ғибратты танымдық теле-өнімдерді ұсынды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осыған дейін «Халық арнаның» құрылтайшыларымен ынтымақтаса отырып, нәтижелі жұмыс атқарды. ҚМДБ «Халық арна» телеарнасының құрылтайшыларына айрықша алғыс білдіреді.
«OTAU TV» ұлттық жерсеріктік телевизия желісінде (49-ыншы арна) Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы базасында құрылған «MUNARA TV» республикалық рухани-ағартушылық телеарнасы ашылғанын қуанышпен хабарлаймыз. Бұдан былай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының телевизия саласындағы ақпараттық-насихат жұмыстары осы «MUNARA TV» телеарнасы арқылы таратылады.
«MUNARA TV» халықтың діни сауатын арттыруды, жас көрермендердің бойына имандылық, адамгершілік, патриотизм сынды құндылықтарды қалыптастыруды көздейді. Сонымен қатар, телеарна арқылы онлайн дәрістер ұйымдастыру жоспарланды. Бұдан бөлек өзекті мәселелер төңірегінде сұрақтарға тікелей эфирде жауап беріледі.
Өздеріңізге белгілі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «MUNARA» республикалық рухани-танымдық газеті бар. Енді Мүфтияттың медиакеңістігі «MUNARA TV» телеарнасымен толықты. Болашақта «MUNARA FM» рухани-танымдық радиосын ашу жоспарда бар.
Айта кетсек, Діни басқарманың төл телеарнасы мен радиосын ашу 2020-2025 стратегиялық даму бағдарламамызда жазылған. Осы бағытта Діни басқарманың медиа саласындағы жұмыс ауқымын ұлғайтуды көздеп отырмыз.
ҚМДБ Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімі