Атыраулық имамдар Маңғыстауда тәжірибе алмасуда

Маңғыстау облысына Атырау облысының бас имамы Алтынбек қажы Ұтысханұлы бастаған делегация арнайы іссапармен келді.

Жайық төрінен келген дін қызметкерлерін Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы күтіп алды.

Атыраулық делегация алдымен Бас мүфти бастамасымен іске асып жатқан «Darhan Dala» жобасы және «Зират және зиярат мәдениеті» құжатын насихаттау мақсатында әулиелер мекені – Маңғыстаудағы «Шопан ата» жерасты мешіттері мен Оғыланды тауындағы «Бекет ата» мешітіне зиярат жасады.

Бұдан кейін Маңғыстау облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен орталық «Бекет ата» мешітінде имамдардың тәжірибе алмасу семинары өтті.

Семинарға Маңғыстау имамдары мен Атырау облысынан арнайы келген делегация қатысты. Маңғыстау өңірінің бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы Діни басқарма бекіткен 7 бағыт бойынша атқарылған жұмыстар және жарты жылдық есепті назарға ұсынды. Қайырымдылық іс-шараларына тоқталып:

«Жыл басынан бері «Ел үлесі – пәтерге» жобасымен 11 үй берілді. Оның 6-уы жағдайы төмен, баспанаға мұқтаж отбасыға берілсе, қалған 5-уі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай дін қызметкерлерін қолдау мақсатында мешіт имамдарына берілді» деді Әнуар қажы Ізімбайұлы.

Атырау облысының бас имамы Алтынбек қажы Ұтысханұлы да орталық «Иманғали» және барлық қала, аудан, ауылдық мешіттердің атқарған ауқымды істеріне тоқталып, алдағы уақытқа жоспарланған жобалар жөнінде пікірін бөлісті.

Семинарға жиналған имамдар өзара пікір алмасып, салаға қатысты сұрақтарға тұшымды жауап алды. Содан соң имамдар Әбіш Кекілбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейіне арнайы ат басын бұрып, өңір тарихымен танысты.