Атырауда «Ихсан рухани тәрбие негізі» кітабы бойынша онлайн дәріс басталады

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы орталық «Иманғали» мешітінде «Ихсан рухани тәрбие негізі» кітабын таныстырды.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен жарық көрген кітап бұған дейін елорда мен Алматыда таныстырылған болатын.

Кемел мұсылманның сипатын айғақтайтын ихсан ілімі – өз алдына үлкен мектеп.

«Біз халқымыздың жүрегіне жақын рухани ілімді кеңінен насихаттау үшін «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабын шығаруды қолға алған едік. Міне, ерекше ынта-ықыласпен жазылған қолыңыздағы бұл еңбек рухани өмір үшін пайдалы болады деген үміттемін» деген еді Бас мүфти аталмыш кітаптың Алматыда өткен таныстырылымы кезінде.

Дініміз бен дәстүрімізден, қазақы болмысымыздан бастау алатын ихсан ілімі – әр мұсылманның көркем тұлғасын қалыптастыру үшін де керек» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Алдағы күндері жамағат үшін «Ихсан рухани тәрбие негізі» кітабы бойынша онлайн дәрістер өтетін болады.

Еске сала кетелік, «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабында «Жаратушы Аллаға ихсан», «Тұлғалық ихсан», «Ихсан және қоғам» сынды тараулар қамтылып, Ислам ғұламаларының ихсан ілімі жайлы ой-толғамдары берілген.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.