Жұма намазынан кейін Иманғали орталық мешітінде жамағатқа арналған «Пәтуа сағаты» ұйымдастырылды. Бұл жолғы уағыз-насихатта «Жалға алған мүлікті жалға беруге бола ма?» деген тақырып кеңінен түсіндірілді.
Алдымен жалдаудың шариғаттағы анықтамасы баяндалды. Жалдау – пайдаланған мүлік үшін ақы төлеу жөніндегі келісімшарт. Мұндай келісім бойынша жалға алушы мүлікті пайдалануға ғана құқылы болғандықтан, оны сатуға құқығы жоқ.
Сонымен қатар жалға алушының өзі жалға алған мүлікті басқа адамға қайта жалға беруіне қатысты ғалымдардың көзқарастары түсіндірілді. Көпшілік ғалымдар жалға алушы мүлікті өз иелігіне алғаннан кейін оны үшінші тұлғаға қайта жалға беруіне рұқсат берген. Бұл ретте мүлікті бастапқы жалдау ақысымен, одан төмен немесе жоғары бағамен жалға беруге болады деген пікір айтылған.
Ханафи мәзһабында бұл мәселеге қатысты арнайы шарттар бар. Атап айтқанда, жалға алушы мүлікті қанша ақыға жалдап алса, сол бағаға немесе одан төмен бағаға қайта жалға бере алады. Ал бастапқы жалдау ақысынан жоғары бағаға берген жағдайда, одан түскен артық қаражатты өз қажетіне жұмсамай, садақа етуі тиіс. Егер жалға берілетін мүлікке қосымша бір нәрсе қосып, жақсарту жұмыстарын жүргізсе, онда артық ақыны өзіне алуына рұқсат етіледі.
Ал Мәлики, Шафиғи және Ханбали мәзһабтарында жалға алушының мүлікті бастапқы бағадан жоғары немесе төмен ақыға қайта жалға беруіне рұқсат етіледі. Өйткені жалдау да сауда секілді келісімшарт түріне жатады.
Сондай-ақ жалға берілген мүлікті пайдалану барысында оның негізгі қалпын сақтаудың маңыздылығы айтылды. Ханафи, Мәлики және Шафиғи ғалымдарының пікірінше, жалға алынған мүлік пайдаланылған кезде өзгеріске ұшырамауы, бүлінбеуі және негізгі құрылымына зиян келмеуі керек.
Бұдан бөлек, мүлікті иелігіне алмай тұрып басқа адамға жалға беру мәселесіндегі мәзһабтар көзқарасы да түсіндірілді. Ханафи мәзһабында имам Әбу Ханифа мен имам Әбу Юсуф жылжымайтын мүлікке қатысты мұндай әрекетке рұқсат бергенімен, имам Мұхаммед бұған рұқсат етпеген. Ал Мәлики мәзһабында мүлікті қолына алмай тұрып та жалға беруге болады деген көзқарас бар.
Тағы бір маңызды мәселе – жалға алынған пәтерді пайдалану тәртібі. Шариғат бойынша жалға алушы пәтерде өзі тұруға, туыстарымен бірге орналасуға, басқа адамға қайта жалға беруге немесе өз заттарын сақтауға құқылы. Алайда үйдің іргетасы мен қабырғаларына зиян келтіретін құрылыс жұмыстарын жүргізуге, мүлікті тоздыруға жол берілмейді.
Кездесу барысында аталған мәселелер шариғи дәлелдер мен фиқһ ғалымдарының еңбектеріне сүйене отырып түсіндірілді. Жамағат тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар беріліп, күнделікті тұрмыста кездесетін мүліктік қатынастарға қатысты діни түсініктер кеңейтілді.
Айта кетейік, «Пәтуа сағаты» – жамағаттың діни сауатын арттыруға, күнделікті өмірде туындайтын мәселелердің шариғи шешімін түсіндіруге бағытталған тұрақты танымдық шара.




