Атырау облысы имамдарының көшпелі жиыны Индер ауданында жалғасты.
Индер аудандық мәдениет үйінде өткен жиында Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен «Зират және зиярат әдебі» құжатының маңыздылығы туралы кеңінен ақпарат берді.
«Зиярат еткенде дәреттің болуы маңызды. Және зиярат барысында аз уақыт болса да дүние тіршілігін тастап, ақыретті ойлау керек. Зиярат орындарында ақырын жүру, дауыс көтеріп сөйлемеу, дауыс көтеріп жыламау сынды қарапайым әдептер сақталғаны абзал. Қабір жұртына сәлем беру де маңызды» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Және қабір басындағы әдептілік сақтау ережелері, садақада ысырапшылдыққа жол бермеу, садақа беруді бірізділік жүйеге түсіру, шариғат шеңберін сақтаудың маңыздылығы хақында кеңінен насихат айтылған жиын соңында облыс имамдары, ардагерлері, зиялы қауым өкілдерінің үндеуі жарияланды.
Кездесуге қатысқан аудан тұрғындары көкейде жүрген сауалдарын қойып, «игі бастаманы бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты насихатталса» деген ұсыныс тастады.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.