Исатай ауданында имамдар мәжілісі өтті (+ФОТО)

Исатай ауданында Атырау облысының имамдары бас қосты.

Имамдар мәжілісінде «Жат ағым – жарға жығады» атты жиын өтті.

Жиын барысында оңалту шаралары, ағартушылық бағыттағы жұмыстар, уағыз-насихат, жекелеген адамдармен жұмыс жүргізудің тәртібі талқыланды.

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жат ағымдармен күрестің ең басты тетігі – рухани қуатты, білімді болу екенін айтты.

«Қазақ ықылым заманнан мұсылман болған халық. Ата-бабаларымыздың дәстүрі, ділі, діні бір-бірімен астасып жатыр.

Ұрпағын «Обал болады. Ұят болады. Бата ал» деп тәрбиелеген халқымыздың ұлттық тәрбиесі – үлкен мектеп. Жат ағымдармен күресте біз ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуді, діни білімімізді арттыруды басты мақсат етуіміз керек» деп атап өтті Бас имам.

Жиын барысында Атырау облысы имамдарының жат ағыммен күрестегі кешенді жоспары нақтыланды.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.