Ислам дінін қабылдаған атыраулық Денис нені армандайтынын айтты

Діндарлар адам мұсылман болып туылады, алайда қай дінде болатыны ата-анасы, өскен ортасына байланысты деп жатады. Қай дінді алып қарасақ та мейірімділік пен қамқорлыққа, ауызбірлікке үндейтіні ақиқат.

Алланың жердегі үйін паналап, қамқорлық көріп, жүрегі тынышталып, иманын бекітіп жүрген жандар аз емес. Солардың бірі – Денис Владимирович.

Мұсылманша азан шақырып қойған есімі Дәуіт Аманжолов. Денис жетім балалар үйінде өскен, тәрбиеленген. Тіршіліктің қатал сынына тап болып, тағдыр тауқыметін бала күнінен кешен жан. Кәмелеттік жасқа толған соң әр жерде арба сүйреп, базарда әр түрлі ауыр жұмыстар жасап нәпақа тапқанын айтады. Алайда адам баласы есейгенде жүрегіне тыныштық іздеп, Құдайды тануға талпынатын сәттер де болады.

Денис осындай күрделі кезеңді басынан өткізген. Ұлты орыс болған соң алдымен шіркеуге барып, құлшылық еткісі келеді. Жан дүниесінде ішкі сырымен бөлісетін, мұңын айтар жан таппаған соң ойлана келе мешітке қадам басады. Алғаш мешіт табалдырығын аттаған сәтте жүрегінде ерекше толқыныс пайда болып, жаны тыныштық тапқандай елжірей кетеді. Мұндағы күн сайын бес уақыт намаз бен жамағат арасына сіңісіп рухани дүниесін толықтырып, жоғалтқанын тапқандай күй кешеді. Саналы түрде шешім қабылдап, тілін кәлимаға келтіріп, мұсылман болады. Сүндеттеледі. Дәуіт далада қалмай, мешітті паналап, ішер асы мен киімімен қамтамасыз еткен мешітке алғысын білдірді.

«Күмбезі алыстан менмұндалап, адамға айрықша әсер беріп тұратын мешітті көргенде тоқтамай, ішіне енбей өте алмаймын. Алланың жердегі үйінде жасы мен кәрісі қатар ғибадат, құлшылықтарын орындап, садақа беріп, қайырымдылық жасап жатады. Кейбірі өмірлік серігімен қосылып, Алла алдындағы ақ некелерін қиып, имамнан бата сұраса, енді бірі өмірден өткен ата-бабасы мен жақындарына құран бағыштауға келеді. Қарап тұрсаң сан қилы тағдырды, пендеге берілген өлшеулі өмірдің мәнін, Алланың кәләмін үйрететін имандылық ұясы мешіт.

Мен енді жанымдағы достарымның да өзім сияқты хақ жолды табуына себеп болғым келеді. Және қайырымдылық орталығын ашып, мұқтаж жандарға көмек қолын созуды мақсат етіп отырмын. Өзімді жоғалтқан сәттерде жан-жақты қолдау білдірген мұсылман жұртшылығын ерекше бағалаймын» дейді Денис.

Дәуіт қазіргі таңда бес уақыт намазын оқиды, мешітте қайырымдылық шараларына қатысады. Мешіт ұстаздарынан Құран үйренуде. Бізде бауырымызға береке тіледік. Алланың жаратқан пенделерін ұлтына, ұлысына бөлмей өзінің құзырына әкелетінін ұққандаймыз.

Нұркен Әмірашев, журналист