Исламдағы достық мәселесі

 Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Асыл дінімізде әр нәрсенің  өз орны болғаны сияқты, достықтың да ерекше орны бар.  

Дос деген сенің басыңдағы кез келген жағдайды басқалардан артық түсінетін, яғни өзінің сезгендей сезе алатын сенің екінші сыңарың. Қазақ халқы дос түсінігіне үш түрлі сипаттама берген: «Бір дос бар-қан шыққанша, бір дос бар-мал шыққанша, бір дос бар- кеудеңнен жан шыққанша». Дос адамның тағдырына, мінезіне, өмірлік ұстанымына әсер ететін негізгі фактор. Бұл жайлы, халық арасында мәшһул болып табылған «досыңның кім екенін айт, сенің кім екеніңді айтайын» деген сөз бар. 

Достық- дүниедегі ең ұлы сезімдердің бірі.  Жақсы достың адам өмірінен алар орны ерекше.  Алла Тағала қасиетті Құранда, Зухруф сүресінде: «Достардың тақуаларынан басқалары сол күні (Қиямет күні) бір-біріне дұшпан болады» деп баяндайды.  

Бұл турасында, ардақты Пайғамбарымыз, (Алланың оған сәлемімен салауаты болсын) хадисінде: «Адам досының дінінде. Сіздерден қайсыбіріңіз кіммен дос екендігіне қарасын! Жақсы дос пен жаман достың мысалы әтір сатушы мен от үрлеушінің мысалындай. Әтір сатушыға келер болсақ, не ол саған сыйлық жасайды, не сен одан бір нәрсе сатып аласың, не одан шыққан кезде хош иісті сезесің. Ал от үрлеуші ұстаға келер болсақ, не ол сенің киіміңді күйдіреді, не одан шыққан кезде сасық иісті сезесің» дейді. (Бұхари, Муслим) 

Нағыз достық пендеге өмірде кездесетін түрлі сәтсіздікке мойымауға, басқа түскен сынақты бірге көтеруге жәрдемдеседі. 

Дос-жарандардың мінездері әр түрлі болып келуі мүмкін. Мысалы, біреуінде қызбалық, екіншісінде тұйықтық не жігерсіздік байқалса да, бұлар достыққа кедергі бола алмайды, қайта шынайы достық осындай кемшіліктерден арылуға көмектеседі.

Хакім Абай бұл турасында:

«Бір жерде бірге жүрсең басың қосып

Біріңнің бірің сөйле сөзін тосып.

Біріңді бірің ғиззат, құрмет етіс,

Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып»-дейді. 

Дұрыс дос таңдай білу – өмірлік мақсаттардың бірі. Оны таңдау барысында, оның, яғни, өзіңе дос тұтар адамның, өмірлік ұстанымымен түсінігіне мән беру керек. Себебі, екі адамның түсініктері мен өмірлік мақсаттары әртүрлі болса, алдағы уақытта, түсініспеушілік пайда болып, достық қарым-қатынас түгілі, жек көрініш сезімдері пайда болуы мүмкін.

Ал, бұл сүйкімсіз сезімдер, адамды жүректің дерттеріне шалдықтырады. «Дос – көңілдің күмбезі» деп айтылатыны содан. Яғни, көңілі мен пейілі ортақ жандар ғана бір-бірімен дос бола алады. Олардың қызығушылығы да, ойы да бір. Мұны халқымыз «екі жақсы қосылса, өле-өлгенше дос болады» деп бір ауыз сөзбен жеткізген. Достық қарым-қатынасқа нәзіктікпен қарап, берік сақтау керек. «Айырылмас досыңа қайырылмас сөз айтпа» дейді халқымыз.

Өзі шынайы дос бола білген адамның достары да көп болады.

Достықтың ең ұлы дәрежесі, Алла үшін болған достық, яғни, ақыреттік дос. Бұл туралы құдси хадисте келеді: «Менің разылығым үшін бір-бірін жақсы көргендерге пайғамбарлар мен шәйіттер қызыға қарайтын нұрдан мінберлер бар» (Тирмизи).

 Алла үшін дос болудың бірден бір хикметі, бір-біріне жақсылықта жәрдемші болып, ал, қателіктен бірін-бірі қайтару. Бұл жайлы, Ардақты Пайғамбарымыздың оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын, кезекті хадисінде: «Бауырың залым болса да, мазлұм болса да оған жәрдем бер, дейді. Сонда сахабалар: ол мазлұм болып, әділетсіздікке ұшырап жатса жәрдем береміз. Ал залым болып, өзі әділетсіздік жасап жатқан адамға қандай жәрдем? дегенде, оның әділетсіз әрекетін тоқтауың – оған жәрдемдескенің»- дейді. (Бұхари) 

Йә, Раббым! Бізге, сені ұмытқанда еске түсіретін, еске алғанда жәрдемдесетін, жақсылығымызды арттырып, жамандығымызды жасыратын, сөздері ілімімізді арттырып, көңілімізді тоқ қылатын, адал достар нәсіп ет! 

Айқоңыр НҰРМҰХАНБЕТ,

Атырау облыстық «Иманғали» мешітінің ұстазы