Бойында кешірімділік сынды асыл сипаттың болуын қалаған адам мына істерге мән бергені дұрыс.
Бірінші, кешірімді болу – Алла Тағаланың бұйрығы екендігін ұмытпау
Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 199-аятында:
«Кешірімділік жолын ұстан, құпталғанға(ғұрыпқа) бұйыр және надандардан теріс бұрыл», – деп бұйырған. Алла Тағаланың кешірімділікті бұйрық түрде айтуы – бұл сипаттың қаншалықты үлкен маңызға ие екендігін көрсетеді. Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)Қасиетті Құранның «Мәидә» сүресі, 13-аятында қандай жәбір көрсе де, кешірімділікті серік етуін бұйырып:
«Сенолардың өте азынан басқасының қиянаткерліктерін әрқашан көресің. Дегенмен, оларды кешірім ет, көңіліңе алма. Расында Алла ізгілік істеушілерді жақсы көреді», – деп айтқан.
Усама Ибн Зайд (Алла оған разы болсын): «Алла Тағаланың елшісі ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)бен оның сахабалары мүшріктер мен кітап иелеріне Алла Тағала әмір еткендей кешірімділік танытып, көрсеткен жәбірлеріне сабырлық ететін», – дейді.
Пайғамбарымызға кешірімді болуды бұйырған жоғарыдағы аяттаАлла Тағала кешірімділікті العفو (әл-ғафу) және الصفح (әс-сафху) деген екі түрлі атаумен атаған. Бұл екі сөздің мағынасына келер болсақ,«әл-ғафу» (العفو) қателік жасаған адамды кешіру болса, «әс-сафху» (الصفح) қателік жасаған адамды кешірумен қатар жүрекке түскен ренішті өшіру дегенді білдіреді. Демек, мұсылманның кешірімі тек тілмен ғана емес, реніш пен өкпені ұмытуы арқылы жүрегімен болуы қажет.
Екінші, адам баласын кешіру – Алла Тағаланың кешіріміне себеп болатынын білу
Адамдардың қателігіне көз жұмып, оларды кешіре білу – қиямет күні Алла Тағаланың кешіріміне бөленуге алып келетін сипат. Қасиетті Құранның «Нұр» сүресі, 2-аятында Алла Тағала:
«Кешірімді болып, көңілдеріне алмасын. Сендер Алланың өздеріңді кешіргенін жақсы көрмейсіңдер ме? Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді», – деп айтқан.
Бірде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немерелері Хасан мен Хусейін ренжісіп қалған екен. Сонда Хусейін ағасы Хасанға өзінен кешірім сұрауын өтініп, хат жазып жібереді. Бұл хатты оқыған Хасан сәл шамданып, інісіне: «Сен менен жасың кіші, өзің кешірім сұра» деп қайта хат жазып жібереді. Сонда інісі: «Асыл ағатайым менің! Пендені кешіргенді Алла Тағала кешіреді емес пе? Мен сіздің бірінші болып Алла Тағаланың кешіріміне ие болуыңызды, менен бұрын жәннат иелерінен болуыңызды қалап, бірінші болып кешірім сұрауыңызды өтініп едім» деп, қайта хат жазған екен. Інісінің жазған бұл хатын оқығанда Хасанның жүрегі елжіреп, көзіне жас келіп, інісі Хусейінге барып: «Мен өзімнің нәпсіммен ойлап тұрсам, сен қияметтің бақытын ойлап тұр екенсің. Кешір мені, інішегім» деп інісін құшақтап, кешірім сұраған екен.
Үшінші, ренжіскен жағдайда қателікті өз бойынан іздеу
Адам нәпсісіне сүйікті болған істердің бірі – өзін ақтап, өзгені айыптау. Осы себепті де екі адам ренжіскен уақытта көбіне екеуі де қателікті бір-бірінен көріп, өз қателігіне мән бермей жатады. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Мәидә» сүресі, 105-аятында:
«Уа,мүминдер! Сендер өздеріңді түзетулерің керек. Өздерің тура жолда болсаңдар, адасқан біреу сендерге зиян тигізе алмайды. Барлықтарыңның барар жерлерің Алла жақ. Сонда Алла сендерге не істегендеріңнің хабарын береді», – деп, иман келтірген жандарға қателікті ең бірінші өз бойларынан іздеуді бұйырған.
Бір ғалым адамға жұрттың барлығына ренжи беретін, бір өкпешіл адам келіп, өзінің бұл дертінің себебін сұрағанда, ғалым оған: «Өз күнәңды түйедей –деп санайсың, өзгенікін түймедейге балайсың» деген екен. Осыған ұқсас Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз да:
Біреудің мінін көргенше,
Жамандығын тергенше,
Өз ойыңды мазалап,
Өз бойыңды тазалап,
Өзіңмен күрес өлгенше! – деп айтқан.
Сол себепті де мұсылман адам қандай да бір реніш туындай қалған жағдайда, оның себебін бірінші өз бойынан іздеп, өзіне: «Мен бір нәрсені дұрыс жасамадым ба?» немесе «Менен қандай қателік кетті?» делінген сұрақтарды қойып, ол қателіктерді бойынан тапқан жағдайда, тәкаппарлықтан ада болып, ренжіскен адамынан бірінші болып кешірім сұрауға тырысуы қажет. Бұл – нағыз мүминге тән көркем сипат.Алла Тағала Қасиетті Құранның «Хижр» сүресі, 85-аятында ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Ендеше сен (ел-жұрттың қатесін қиянатын) көркем түрде кешір», – деп айтқан. Бұл аятта Алла Тағала кешірімге қатысты «Көркем түрде кешіру» деген ұғымды айтқан. Оны ғалымдарымыз: «Көркем түрде кешіру – қандай да бір адамның қателігін кешірумен бірге, оның айыбын ашу, тәкаппарлық жасау, артық сөз айту, жек көру сынды адам баласының мінезіне жат істерден ада болуды айтады», – деп түсіндерген.
Алпысбай Махсат
«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы