Мақат аудандық орталық мешітінде кезекті көшпелі дәріс өтті.
Рухани шараға Атырау облысының орталық «Иманғали» мешітінің наиб имамы Арман Исаев пен «Ихсан» мешітінің имамы Ардақ Жұмабекұлы арнайы қатысты.
Көшпелі дәріс барысында ұстаз Арман Исаев көркем құлшылық тақырыбында насихат айтты.
«Алла Тағаланың құлшылықтарды әр түрлі етуі. Оның құлдарына деген мейірімі болып табылады. Құлшылықтардың келесі түрлері бар:
Жүрекпен орындалатын құлшылықтар: мысалы, Аллаһты жақсы көру, Одан қорқу, Оған тәуекел ету. Бұл құлшылықтың ең ардақты да, ең абзал түрі.
Денемен атқарылатын құлшылықтар: соның ішінде тілмен айтылатын Аллаһты зікір ету, Құран оқу, жақсы сөздер айту және басқа дене мүшелерімен атқарылатын дәрет алу, ораза ұстау, намаз оқу, жолдан зиян тигізетін нәрселерді алып тастау секілді құлшылықтар.
Мал жұмсау арқылы орындалатын құлшылықтар: мысалы, зекет, садақа және сауапты нәрселерге қаражат бөлу.
Осының барлығы біріктірілетін қажылық пен умра құлшылығы» деп атап өтті ұстаз Арман Исаев.
Ұстаз Ардақ Жұмабекұлы көркем мінезге адам өз-өзін тәрбиелеу арқылы жететінін айтты.
«Адам бойындағы ұлы қасиет, әрбір адамның мінез-құлқын көркем етуі отбасы, өскен ортасындағы тәлім-тәрбиесімен бірге өзінің де ақыл-парасат, күш-жігеріне, ынта-ықыласына, ең бастысы, жаратылысына байланысты. Әке-шешенің баласына берер ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие болса, көркем мінез сол тәрбиенің шыңы» деді ұстаз Ардақ Жұмабекұлы.
Дәріс соңы сұрақ-жауап форматында жалғасты.