Атырауда «Ихсан» мешітінде қайырымдылық шарасы өтті (+ФОТО)

Атырауда «Геолог» ықшамауданындағы Ихсан мешітінде қайырымдылық жәрмеңкесі өтті.

Мешіт жанындағы «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен өткен іс-шара аясында тәттілер, үй жағдайында дайындалған кондитерлік өнімдер қолжетімді бағада сатылды. Түскен қаражатқа әлеуметтік жағдайы төмен 20 отбасына бірінші қажеттіліктегі азық-түлік пакеттері таратылды.

Акция барысында «Ихсан» мешітінің имамы Ардақ Жұмабекұлы исламда «садақа жария» ұғымына түсінік беріп өтті.

«Қоғамның, халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істерді «садақа жария» дейді. Мешіт, медресе, аурухана тұрғызу, көше, көпір салу, ауызсуы жоқ ауылдарға су тартып, құдық қаздыру, міне, бұлар халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істер.

Тіпті, мұсылманның көңілін көтеріп, үміт сыйлау, түк бере алмасақ та, оған жымиып қараудың өзі – сауап. Сауапты көктен іздеп қажеті жоқ. Ол біздің айналамызда. Қамкөңіл жанға көмек қолын созу – ол да қайырлы іс.

Бірде пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрайды. Сонда ол:«Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген» деді ұстаз Ардақ Жұмабекұлы.