Көркем мінезге жету жолдары қандай?

Мінез – кез келген адамның айнасы. Мінез туа біте қалыптасқанымен оны түзеуге болады. Дана халқымыз «Мінезсіз адам – жеміссіз ағаш» дейді. Бабаларымыздың жайлы мінезі жайлы адамды «жайдары, ашық, ақкөңіл адам» деп айтқаны содан.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден», – деп, мінездің елге қызмет етудегі маңызын ашып айтқан. Яғни халыққа жайлы, әділетсіздікке қатал мінез болғанда ғана халыққа қызмет етуге болады деген сөз.

Адам өзінің жағымсыз қылықтарын түзеп, жақсы мінезі арқылы ортасын қалыптастырады. Хәкім Абай: «Мен егер закон қуаты бар кісі болсам адам мінезін түзеп болмайды деген адамның тілін кесер едім» деп өзінің қара сөзінде бекер айтқан жоқ. Көркем мінезге жетудің бір жолы – адамның өз-өзін тәрбиелеп, мінезді дұрыстауы.

Бір ғана мысал, Абайдың заманында Алдоңғар деген баукеспе ұры болыпты. Бір күні Абай: «Әй, Алдоңғар, сенен бір нәрсе сұрайын, бересің бе?» – депті. Өзі бай, өзі сыйлы, ұлық адам, Құнанбайдың баласы сұрап тұрғасын: «Абай аға, сіз сұраған нәрсе менде болса беремін ғой. Бірақ мен сізге не бере аламын?» – деп қатты қиналыпты. Сонда Абай: «Сен маған ұрлығыңды бер», – депті.

Көп ұзамай Абай Алдоңғарды қасына көшіріп, ұрлығын тиып, тәрбиелеп, ел қатарына қосқан екен. Демек кемелдікке ұмтылудың бір қыры адам мінезін жөндеу десек, артық айтқандық емес. Мінез жаратылыс болғанымен, тәрбиенің ықпалымен жөндеуге болатынын Абай атамыз «Күллі мақұлық өзгерер, Алла өзгермес» деп барлық жаратылысты өзгертуге болатынын бекер айтпаса керек. Дана ойшыл атамыз осылай деген болатын.

Ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы да мінез жайлы баяндай келе: «Аспанда ұшып жүрген құс пен даланың тарпаң жылқысын қолға үйрету арқылы адамзат баласы қанша табысқа жетті. Осындай дала тағылары тәрбиеге көнгенде, адамның мінезі неге өзгермейді?» деп түйіндейді. Демек адамның мінезін өзгертуге немесе жақсы дағдыларға бейімдеуге болады. Мәшһүр Жүсіп атамыз: «Ғылымның әуелгі мақсаты – Алланы тану. Одан кейін – пайдалы білім алу. Егер оқыған біліміңіз мінезіңізді түзетпесе, онда ол пайдасыз білім болғаны» деген.

Мінез жайлы Алла Тағала Құранның «Рағыд» сүресінің 11-аятында: «Расында бір қауым, өзін өзгертпейінше Алла, оны өзгертпейді» деген. Бұл жерден де мінездің өзгеретінін, адам жақсы жағына бейімделуге болатынын байқаймыз.

Көркем мінез туралы ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Көркем мінезді адам ғабиттің (ғибадатшының) дәрежесімен тең» деген. Асыл дініміз ақида және амал, ахлақтан (мінез-құлық) тұрады десек, адамның мінезі жақсы болмаса, діннен тәрбие ала алмайды.

Дін мінезбен тарайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала мені көркем мінез-құлықты толықтыру үшін жіберді» деген. Бірде бір кісі Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Дін деген не?» деп сұрағанда, «көркем мінез» деп жауап қатқан. Демек, Ислам дегеніміз – ең көркем мінез.

Ислам ғұламалары еңбектерінде адамдармен жақсы мәміледе болу, кішілерге ақыл айту, дүние үшін ешкіммен жауласпау, өзгені ойлау, мұқтаж адамдарға көмектесу, мейірімді, қарапайым болу, ешкімді ренжітпеу секілді дұрыс дағдыларды жақсы мінез-құлық ретінде сипаттаған.

Жақсы мұсылманның белгісі – көркем мінез. Егер адам ешкімді тілімен де, ісімен де ренжітпей, тура жолмен жүрсе, ол – кемел мұсылманның белгісі.

Жақсы мінез қалыптастыру адамға оңайға түспейді.

Бірде бір сахаба Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Түгенше деген әйел күндіз ораза ұстайды, түнде намаз оқиды. Бірақ, оның мінез-құлқы жаман, көршілерін тілімен ренжітеді», – дейді. Сонда Алла елшісі: «Оның бұл істерінде қайыр жоқ. Ол әйел тозақ иелерінен», – деп жауап береді. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Қиямет күні маған ең жақын болатындарың – мінез-құлқы ең жақсыларың» деген болатын.

Бірде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Сендерден бәрінен артық кімді жақсы көретінімді және қиямет күні кім маған ең жақын тұратынын айтайын ба?» – деді. Ешкім үндемеді. Кейін Алла елшісі сұрағын тағы қайталады. Адамдар: «Иә, Алла елшісі», – деді. Сонда ол : «Ең жақсы мінез-құлыққа ие болғандарың», – деді. Міне, мінездің жайлығы мұсылман үшін ең үлкен сый болатынын Алла елшісі хадистерінде осылай баяндаған болатын.

Дінімізде адамға жылы жүзбен күле қараудың өзі садақа саналады. Ал кісі көңілін қалдыру мұсылман үшін қасиетті Қағбаны жыққанмен бірдей делінеді. Кемелдіктің көсемі болған ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Адамдар мінез-құлқы жағынан бір-бірінен ерекшеленеді. Кім көркем мінезімен Алла елшісіне жақындаса, ол Алла Тағалаға жақындайды», – деді. Асыл дініміз – көркем мінездің үлгісі. Ендеше, көркем мінез адамды екі дүниеде де бақытқа бастайтын тура жол екенін бағамдай білейік!

Нұрбек ИБАЙДУЛЛАЕВ,

«Жылыой» мешітінің найб имамы,

Құлсары қаласы