Коронавирус: Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы пандемияға қарсы шаралар туралы брифингте айтты

  amin.kz/19 наурыз, 2020 жыл.  Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жергілікті Өңірлік коммуникациялар қызметі базасында өткен брифингке қатысты.

Каспиан ньюс арнасы арқылы тікелей эфирде өткен брифинг барысында коронавирус пандемиясына қарсы қолға алынып жатқан шаралар баяндалды.

«Қазіргі уақытта пандемия әлемге тез таралып жатыр. Бұл жағдайға Қазақстан да алаңдаулы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан кейін, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің басын қосты.

Кеңес барысында еліміздегі жұма және бес уақыт намаздарды мешіттерде оқу уақытша тоқтатылғаны белгілі. Осы пәтуаны бүгінде Қазақстанмен бірге, Сауд Арабиясы, Кувейт, Түркия, Иран, Мысыр, Йордания, Палестина, Марокко, Малайзия және басқа да бірқатар елдер қолдап, мешіттерде жамағат болып намаз оқуға уақытша тоқтау салынып отыр.

Тарихқа қарасақ, мұндай алапат жағдайлар бұрында да болған. Қазір коронавирус болса, осындай жұқпалы ауру бұрын оба, шешек түрінде тарады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «оба ауруы шыққан жерден ешкім шықпасын, ол жерге ешкім кірмесін» деп бұйыруының өзі, жұқпалы аурудың жайылуының алдын алу шарасын жүзеге асыру керектігін білдіруде. Денсаулық және адам өмірі Алланың берген аманаты. Дәл қазіргі жағдайда үрейге бой алдырмау керек» деп атап өтті өз сөзінде Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Еске сала кетелік, брифингке Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Хайролла Көшқалиев те басты спикер ретінде қатысты.

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.

#COVID19OUT

#BIRGEMIZ

#BIRGEMIZ_aouz_covid19