Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Адам баласының тілінен келетін күнә – өзге жанды кемсітіп, келеке ету, мазаққа айналдыру. Әрбір мұсылман кісі тіліне ие болып, Алланың берген нығметін жақсылық пен игілікке пайдалану қажет.
Құран Кәрімде мұсылмандардың бір бірінің сырттарынан мазақ етуге қатаң тыйым салған. Құран аятында:
«Уа иман келтіргендер! Бір қауым басқа бір қауымды келемеждеп, мазақтамасын..» – деген. (Хужурат сүресі 11 аят.)
Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) аз сөйлеп, көп тыңдайтын, ешкімді келеке етпейтін. Ардақты сахабалар да пайдасыз болған сөзді айтудан өздерін аулақ ұстайтын. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» демекші, әзілдің өзі шектен шықса, мазаққа айналады. Орынсыз қалжыңның соңы кемсіту мен келекеге ұласады. Адамның кескін-келбетін, жүріс-тұрысын келемеж ету барып тұрған әдепсіздік. Алланың елшісі Мұхаммед Мұстафа (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):
«Мен былай (қолымен бармағының ұшын көрсетіп) болса да біреудің кемшілігін сипаттағанды (мазақтағанды) ұнатпаймын», – деген.
Келесі хадисінде:
«Бауырыңа күлуші болма! Алла Тағала оған мейірімділік етіп, сені пәлеге ұшыратуы мүмкін» – деген. (Имам Тирмизи)
Омар ибн Абдулазиз (Алла оған разы болсын):
«Мазақ етуден сақ болыңдар! Ол – кек тудыратын ақымақтық» – деген.
Біреуді жазықсыз кемсітіп, оған жағымсыз лақап ат беріп, мазақ ету иманнан алыстатады. Хасан әл – Басри қарқылдап күлген жас жігітке: «Балам, бұлай күлетіндей сыраттан өттің бе, әлде жұмаққа кіретіндігіңе кепілің бар ма?» – деген екен. Сол жас жігіт ұлы кісінің сөзінен кейін екінші рет бостан босқа күлгені байқалмаған деседі.
Халқымыз «Ойыннан от шығады» деген. Қалжыңдап болса да біреудің ар-намысына тиетін сөздер айтудан, көңілін қалдырудан сақ болған жөн.
Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):
«Мұсылман – тілімен де, қолымен де басқа бір мұсылманға зиянын тигізбейтін адам» деген.
Қазіргі қоғамымызда өзгені мазақтау, сыртынан кемсіту әдетке айналғанын күнде байқаймыз. Ақиқатында бәріміз бір атадан, бір анадан тарағандығымыз есімізден шығып кетеді. Алла Тағаланың алдында кім ардақты, кім құрметі жоқ бейшара екенін баршамыз білмейміз, бәлкім кейбір жағдайда біз өзімізден төмен санап жүрген адамдарымыз Алланың алдында ұлы дәрежеге лайық болып, ал біз қор болған күйде азапқа душар болуымыз мүмкін. Сондықтан мансап пен ақшамызға, қолымыздағы билігімізге немесе жүзіміз бен тәніміздің әдемілігіне мақтанып, өзімізді жоғары ұстауымыз нағыз сорақылық.
Алла Тағала баршамызға тауфиқ берсін!
Нұрлан ЖАРҚЫМБАЕВ,
«Сұлтан Бейбарыс» мешітінің наиб имамы.