Медресе – колледждерде оқып жатқан атыраулық шәкірттерге «Иманғали» мешітінің шәкіртақысы тағайындалды

Бұл туралы Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Үшқоңыр медресе – колледжінде оқып жатқан шәкірттермен кездесуде айтты.

Атырау облысының Бас имамы Алматы облысына арнайы сапар жасап, Қарасай ауданында орналасқан Үшқоңыр медресе – колледжіне арнайы барды.

Қазіргі таңда медресе-колледжде Атырау облысынан арнайы жолдамамен бірқатар шәкірттер білім алып жатыр.

Атыраулық студент – жастармен кездескен Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы білім алудың маңызы туралы насихат айтып, мұнайлы өңірде діни кадр тапшылығы өткір тұрғандығын атап өтті.

«Дін – руханиятымыз. Бұл салада рухы мықты, терең білімі бар мамандар еңбек етіп, исламды кеңінен таратуы керек. Ислам көркем мінез, құлшылық, бауырмалдық, сонымен бірге, өркениеттің, ғылымның діні. Сапалы білім алып, елге қызмет етуге шақырамын» деді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Кездесу соңында Алтынбек Ұтысханұлы үздік білімімен ерекшеленіп отырған атыраулық шәкірттерге Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешіті жанынан шәкіртақы тағайындалғанын жеткізді.

Еске сала кетелік, Үшқоңыр медресе  – колледжі  2015  жылы  құрылған. Мұнда шәкірттерге сабақ қазақ тілінде жүргізіледі.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.