Қазақстан қажылық миссиясы өкілдері Сауд Арабиясының Мекке қаласында алғашқы басқосуын өткізді.
Жиынға Қазақстан қажылық миссиясының төраға орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Оңғар, Бас мүфтидің кеңесшісі Бижігіт Нұржігітұлы, ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков, Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов және басқа да миссия мүшелері қатысты.
Меккедегі алғашқы отырыс барысында миссия төраға орынбасары арнайы жұмыс жоспарын бекітіп, миссия мүшелеріне тиісті тапсырмалар берді.
«Қажыларымыз құлшылығын дұрыс орындауы үшін оларға лайықты қызмет көрсетуіміз қажет. Әр істе байсалдылықпен, сабырлықпен, ықыласпен әрекет етуіміз керек. Әр адам өз бағытына қатысты жұмыстарды жүзеге асыруда белсенді болуы ләзім» деді Ершат қажы Оңғар. Сондай-ақ жиында ұйымдастыру, ақпарат тарату, уағыз айту, дәрігерлік көмек, қажылыққа қатысты сұрақтарға жауап беру т.б бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндалды.
Бас мүфтидің кеңесшісі Бижігіт Нұржігітұлы 18 туристік фирмаға бөлініп берілген ҚМДБ имамдарының уағыз-насихат жұмыстарын жетілдіріп, жат ағымды насихаттауға жол бермеу керектігін атап өтсе, Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов осы уақытқа дейін қажылардың басым бөлігі келгенін, 23 маусымда отандастарымыздың соңғы легі Жидда қаласына жететінін атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстан қажылық миссиясы жұмысын 5 бағыт (ұйымдастыру, уағыз-насихат, алғашқы дәрігерлік көмек, пәтуа беру және ақпарат) бойынша жүргізеді. Миссия мүшелері қажылық компанияларының қызметі, жерлестеріміздің жай-күйі мен денсаулығы, уағыз-насихат жұмыстарының жүргізілуі және ең бастысы отандастарымыздың қажылық парызын дұрыс орындауын қадағалайды.