Қажылық сапардың хикметтері

Әр жағдайы жеткен мұсылман баласы бес парыздың бірі қажылығын өтеуге құлшыныс танытады. Қажылық маусымында бейбітшілік мекені – Меккеге бет түзеу, Жаббар Хақтың разылығын  көздеп қасиетті Қағбаға тәуап жасау сауапты һәм жауапты, үлкен міндет.

Құран Кәрімде бұл турасында: «Оның жолында шамасы келген кісілер Алла үшін Қағбаны зиярат етуі керек» (Әли-Ғимран, 97) делінген. Қажылық Алланы, ақыретті және бұрынғы пайғамбарлардың естеліктерін еске салады. Ол мұсылмандық сана қалыптастыруда, құлшылыққа деген ынта-ықылас оятуда, бірлік пен ынтымақтастыққа шақыру сезімі секілді көп жағынан өте үлкен маңызы бар құлшылық. Қажылықтағы жасалатын әр рүкіннің өзінің терең мағыналары бар. Қажылық атқара жүріп адамдар құлшылық, дұға мен зікірге қатысты терең тәлім алады. Әрбір әрекеттерімен Алланы еске алып, Жаратушыға деген сүйіспеншілікті жүректеріне бекіте түседі. Осы тұрғыдан келгенде қажылықты атқарудағы хикметтерге көз жүгірту керек-ақ. Ендеше, қажылық кезіндегі атқарылатын бірқатар міндеттердің хикметтеріне тоқталып көрейік.

Ихрам кию

Мекке зиярат жасап келушілердің мемлекеті, ұлты, реңі, киім киісіне қарамастан бәрін мұсылман бауырластығына біріктіреді, бәрінің бір үмбет екенін еске түсіреді. Ол жақта адамдар бай-кедей, басшы не қосшы, ғалым не студент деп бөлінбестен, бір киіммен бір қатарда сап түзейді. Бұл қасиетті мекенде құт-берекет, қауіпсіздік, бақыт, шаттық және рақым ұялаған. Осы себепті қажылар өзін өзгелерден дараламастан шын мәнінде Аллаға құл болуға тырысады. Меккеге жақындағанда арнайы дайындық жасап, белгілі бір орындарда (миқат) тігісті киімдерін шешіп, екі бөлек матаға оранады. Ихрам – екі бөлік матадан тұрады, жіппен байланбайды, түймеленбейді және ілмекті инемен де ұсталмайды. Бір жағы өмірден өтерде оралатын кебінді де еске салатын осы бір бөз адамға іштей ықылас пен ұлықтауды сезіндіреді. Бұл бір жағы нәпсінің әр түрлі ләззатты, рахатты және қалыптасқан әдеттерінен тыйылып, Аллаға мойынсұнуды рәміздейді. Пенденің Алладан қорқуын, оған құрметпен қарауы керектігін пайымдатып, Алла разылығы жолында шаршап, шаң-топыраққа көмілу деген мағынаны да қамтиды. Ихрам тек бөз матаға орану емес, ол – тақуалық киімі. Алла Тағала қасиетті Құранда: «…сендер үшін ең қайырлы киім – тақуалық киімі», – деген («Ағраф» сүресі, 26-аят).

Арафатта болу

Алғашында жұмақта ғұмыр кешкен Адам ата мен Хауа ана екеуі кейіннен сынақ ретінде жер бетіне түсірілгеннен соң, біршама уақыттан кейін Арафат тауында жолыққан деседі. Сол кезде бір-бірінен «Мені таныдың ба?» – деп сұраған екен. Арафат («тану») тауының атауы осымен байланысты екені айтылады. Арафатта болу қиямет күні қабірлерден тұруды, топ-тобымен махшар алаңында жиналуды еске салады. Барша құлдар Алланың құзырында әлсіз, дәрменсіз, мұқтаж күйде кешірімді үміт етіп тұрады. Тәубе еткен пенделер көзіне жас алып, шынайы жалбарынады. Жаңа бір өмір парағын ашып, ендігі қалған өмірінде Аллаға мойынсұнып өтуге іштей бекінеді. Осындай хәлімен Арафат тура бір махшарды еске салғандай. Қияметтегі хәлдің кейбір көрінісіне сол жерде куә болуға болады. Жалаң аяқ, жалаң бас, үстіне ілгені бір екі парша мата, күн болса күйіп тұрады. Ешкімнің ешкімге қарайтындай хәлі болмайды. Арафатта раббысына бет бұрған жан осы дүниенің өзінде Алланың құзырына шыққанда ешкімнің өзіне жәрден бермейтінін сезе бастайды, байлық пен мансап, білімге сенгеннен гөрі тақуалыққа ден қоюдың артықшылықтарын ұғынады.

Муздалифада түнеу

Мұсылмандардың мақтауға лайық бір қасиеті үнемі Алланы еске алуы және Алланы еш ұмытпауы. Ұлы Жаратуы ие Құранда «Мені еске алыңдар, мен де сендерді еске алайын» (Бақара сүресі, 2/152) деп бұйырған. Кеңшілік уақыттармен қатар қиналған сәттерінде Алланы еске алған жан әрқашан Алладан жәрдем көреді. Муздалифаға Құран Кәрімде ишарат етілген «әл-Машарул харамның» руханиятымен мол рақым түскен. Ол жүрекке Жаратушының ұлықтығы, құдіреті, салтанаты үстемдік ететін мекен. Муздалифада түнеу кезінде пенде Ұлы Жаратушыны қаншалықты танығанын салмақтайды. Себебі Құранда Муздалифадағы Мәшари харамда Алланы көп зікір ету керектігі ескертілген. «Арафаттан кетіп Муздалифаға қарай ағылғанда Мәшари харамда Алланы зікір етіңдер. Оның сендерге көрсеткеніндей етіп зікір етіңдер»  (Бақара сүресі, 2/198) аятында ескертілгендей, Муздалифада Алланы өте көп зікір ету арқылы күнделікті өмірімізде қаншалықты Алланы еске алып тұратынымызды салмақтап, осы турасында терең ойларға бару қажет. Ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.) Арафатта үмбетінің кешірімі үшін жасаған дұғасын осы жерде де қайталап, артынша күлімсіреген. Бұның себебін сұрағанда «Дұғасын Алла қабылдағанда, бұны білген шайтанның қалай қиналғанын көргендігін» айтқан.

Шайтанға тас лақтыру

Қажылықта Минада Құрбан айттың бірінші, екінші және үшінші күндері Ақаба жәмрасы, Кіші жәмра мен Орта жәмра ретінде үш түрде шайтанға тас лақтыру жасалады. Бұл турасында Ибн Аббас (р.а.) «Сендер тек шайтанға тас лақтырып, аталарың Ибраһим алайхиссаламның жолын ұстанудасыңдар» (Муснад, 1/297) деген. Бұл ғибадаттың хикметі Адам атадан (а.с.) бері әр адамға дұшпан болып келе жатқан шайтанның дегеніне ермеу, оның азғыруына берілмеу, иман аясында оны тұқыртып отыру қажеттігінде. Бұл тас лақтыру жаман ниет, адамды азғыратын нашар істердің барлығын да жеңе білу керектігін рәміздейді.

Тауап жасау

Тауап жасау барлық нәрсенің бір нәрсенің айналасында белгілі бір реттілікпен айналатынын, адамның да осы ғаламдағы реттілікке бағынуы қажеттігін ұқтырады. Атом құрамындағын электрондардың айналуынан жердің Айдың Жерді айналуы, планеталардың бәрінің Күнді айналуына дейінгі үдерісті еске салады. Сафа мен Мәруа төбешіктері арасында сағи жасау болса, мұсылманның бір ғана Алла үшін қалаған жүруі, мұсылман осы арқылы өзі секілді осы жолға түскен, бірдей ниет еткен, бірдей сезімдерді бастан кешкен жандармен бірге жақсылық жолында жүгірудің мәнін ұғады. Қағба – бәйтулла, яғни Алланың үйі. Жүрек те – Алланың назар салар орны. Пенде Қағбаға қарап, оның ұлылығын тамашаласа, Алла Тағала пендесінің жүрегіне назар салып тұрады. Осы себепті ардақты елші (с.а.с.) бір хадисінде: «Біліп қойыңдар! Алла сендердің түрлеріңе, мал-мүліктеріңе қарамайды. Жүректерің мен амалдарыңа қарайды», – деген (имам Мүслим). Қағбаға тауап солдан оңға қарай жасалады. Тауаптың басталу нүктесін көрсететін Қара тасқа сол жақ тұсымен сәлем береді. Мұны ғалымдарымыз адам бойындағы жүрекпен байланыстырады. Қажылар рухтар әлеміндегі, әл-мисақ уәдесін, иман сертін Қара тасқа қарап сәлем беру арқылы жаңалайды.

Тыйымдар

Қажылықтағы тыйымдардың да өзіндік хикметтері зор. Қажылық кезінде тірі жан иесіне зиян тигізуге, аң аулауға, бір шыбын шіркейдің өзін өлтіруге, жапырақты жұлуға да т.с.с. қатаң тыйым салынады. Бұл тыйымдар қажыға барушыларды өзара және қоршаған ортаға өте бір мейіріммен, сүйіспеншілікпен қарауға баулиды. Ихрам кигеннен кейін жаман сөздер айтуға, ұрысуға, керілдесуге тыйым бар. Жаратушы сүйіп жаратқандығы үшін барлық жаратылысқа ерекше құрметпен қарау талап етіледі. Яғни адамдар исламның бейбітшілік ауанын қалыптастырып, ешкімге зиянын тигізбейтін бейбіт жандарға айналуы көзделеді.

Жалпы алғанда, қажылық ғибадатының өзіндік хикметтері аз емес. Мұсылмандар қажылық міндетін өтей жүріп сол хикметтердің бірқатарын санамен пайымдайды, Жаратушы иеге шын мәнінде ықыласты құл болу керектігін ұғынады. Пайғамбарлардың, адалдығымен тәнті еткен сыддықтар, сахабалар, шейіттер мен салиқалы ізгі жандардың хәлдерін еске түсіріп, терең ойларға шомып, дұға-құлшылықтарымен күнәларынан арылып, солар жүрген қасиетті жерлердің берекесіне кенеледі. Өлгеннен соң қайта тірілуді, маһшарды, қиямет қиындықтарын, өлмей тұрып «өлуді», есепке тартылмай тұрып, өзін есепке тартуды ойлаған пенде нағыз қажылықтың мәні мен хикметтерін түсінеді.

Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,

Атырау облысының бас имамы