Мүфтият өкілі Марат Бектазинов дін саласының медиа кеңістік алдындағы міндетін атады (+ ФОТО)

Бүгін Атырау облысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі  Марат Бектазинов жұмыс сапарымен келді.

Сапар аясында Марат Бектазинов жергілікті имамдармен және ақпараттық технологиялар, әлеуметтік желі, жалпы, медиа саласына жауапты мамандармен арада кездесу өткізді.

Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінде өткен кездесу барысында ҚМДБ Ақпарат ​ және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі  Марат Бектазинов отандық медиа кеңістік саласында діни, рухани дүниелерді таратудағы мүфтият тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, тәжірибелерімен бөлісті.

Әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану жолдары туралы кеңірек айтып өткен Марат Бектазинов ақпараттық тасқын дәуірінде рухани салада көштен қалмаудың маңызды екендігін атап айтты.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ақпарат саласына айрықша назар аударып отыр.

Биыл қасиетті Тәуелсіздігімізге отыз жыл. Осынау кезеңде руханиятымызды түгендеп, дәстүрлі дінімізді жаңғырту, ата-бабаларымыздан қалған ізгі дәстүрлерімізді дәріптеу, тілімізді, ділімізді насихаттауда ауқымды жұмыстар атқарылды. Еліміздегі мешіттеріміздің саны артты. Қазақстан мұсылмандарының қара шаңырағына айналған мүфтият Әбу Ханифа мәзһабын дәріптеу, діни білім ордаларын ашуда үлкен жетістіктерді бағындырды.

Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет мүфтияттың төл каналы – «Халық арнасының» ашылуы да символикалық мәнге ие. ​ Сондықтан, руханиятымызды, дінімізді,​ ділімізді дәріптеуде ақпараттық технологиялар мүмкіндігін мейілінше пайдалануымыз қажет. Осы ретте, әр өңірдегі өкілдіктер жоспарлы жұмыс жүргізуі тиіс» деп атап өтті ҚМДБ Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов.

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.