Мүфтият қажылық қызметін ұйымдастырушы туристік операторлар арасында конкурс жариялады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2023 жылы қажылықты ұйымдастыру бойынша Сауд Арабия Королдігінің Қажылық және ұмра министрлігімен келіссөздер өткізіп, 4000 қажылық орнын алды.

Бұл ретте ҚМДБ өткен жылғы тәжірибе мен қажылық саласында қызмет көрсететін қазақстандық туристік операторлардың мүмкіндіктерін ескерді.

Осыған орай, Діни басқарма қажылық және ұмра саласында қызмет көрсететін тәжірибелі туроператорлар арасында адал әрі әділ бәсекелестікке қол жеткізу және қажыларымызға қолайлы жағдай жасау мақсатында 2023 жылы қажылықпен айналысуға үміткер туристік операторлар арасында ҚМДБ конкурс жариялайды.

КОНКУРС ТАЛАПТАРЫ:

1. «Қажылық-2023» маусымына дайындығы және жауапкершілікпен нақты игере алатын қажылық орын саны туралы ҚМДБ-ға өтініш хат жіберу;

2. Туроператорлық қызметті жүзеге асыру бойынша ҚР қолданыстағы заңнамасының талаптарына сай берілген тиісті мемлекеттік лицензиясының және ҚР туристік қызметі туралы заңының 27-3-бабының 1- тармағына сәйкес қосымшасының болуы;

3. Діни туризмді (қажылық, ұмра) ұйымдастыруда 5 жылдан асқан оң тәжірибесінің бар екендігін айғақтайтын құжаттардың (келісім шарттар, ҚМДБ әр жылы берген рұқсатнамасы) болуы;

4. Туроператордың қазақстандық банктердің біріндегі шотында сұрап отырған қажылық орындарын игеруге жеткілікті қаражатының (ұшақ билеті, қонақүй, Мина-Арафат шығындары) болуын растайтын құжаттарының болуы;

5. ҚР заңдарын және САК қажылыққа қатысты қойған талаптарын бұзбауы;

6. Халықаралық талаптарға сәйкес ІАТА (International Air Transport Association) сертификатының болуы;

7. Салық комитетінде тіркелгені туралы куәлігінің және салықтары төленгенін айғақтайтын құжаттардың болуы;

8. ҚР аумағында халыққа сапалы қызмет көрсете алатын кеңсесінің болуы (кеңсенің мекен-жай анықтамалығы, кеңсе немесе ғимаратты жалға алған келісім-шарты, әлеуметтік желідегі парақшалары мен ресми сайты жайлы ақпарат). Аталған құжаттар 11 қаңтардан бастап hajj@muftyat.kz поштасы арқылы 26 қаңтарға дейін қабылданады. Көрсетілген мерзім аралығында құжаттарын тапсырмаған туристік оператордың ұсыныстары қаралмайды.

Туындаған сұрақтар бойынша аталған поштаға және ҚМДБ Қажылық бөліміне (Жәнділлә Бекжігітов 87014770717) хабарласуға болады.                                       

 ҚМДБ Қажылық бөлімі